Өлеңдер ✍️
ТҰЩЫҚҰДЫҚ – МЕКЕНІ АЛЫПТАРДЫҢ
Бұл өлке – шежіре, сыр тұнып тұрған,
Ұрпағын қайсар ғалам шынықтырған.
Майданда, еңбекте де ерлік туын
Даламыз биік ұстар туыпты ұлан.
Қаншама бұл далада абыз өткен,
Ұлықтап, ұрпақтары аңыз еткен.
Маңғыстау топырағына Шотан батыр
Мөр басып, ерліктерін жазып кеткен.
Ерлікті елдік іске жалғағандар,
Өз орнын ұлы көште таңдағандар.
Жайсаңдар – Тұщықұдық ауылында
Намысқа көк байрағын байлағандар.
Соғыста жаудың бетін қайтарғандар,
Еңбегі елге елеулі майталмандар.
Қалмырза, Иса менен Шаңытбайлар –
Елі үшін ерлік жасап, қартайғандар.
Бабаның ескірмейтін мұрасындай,
Көрнекті кісіліктің тұлғасындай;
Қалмырза Жұмалиев көкірегі –
Мұхиттың тереңдегі тұнбасындай.
Сұрапыл қан майданды көріп келген,
Қаз даусын естіген жан зерікпеген.
Бағалап адалдығын Қалекеңнің,
Билігін халық оған сеніп берген.
Арқасын бәйгетордың суытпаған,
Кір-қолаң ер-тұрманға жуытпаған.
Майданды, еңбекті де көктей өтіп,
Ғұмыры бір ғасырға жуықтаған.
Әділет, ойлағаны – халық қамы,
Қорғаған қиянаттан жабыққанды.
Мақтайды ел «Заңгер, жақсы азамат» деп,
Өмірден ерте кеткен Шаңытбайды.
Оралып қан майданнан жеңіспенен,
Орден мен медаль тағып көрісті елмен.
Жанәділ ұлы Иса түйешіні
Бір кезде исі қазақ тегіс білген.
Ер Шотан – ел қорғаны, айбарындай,
Үш аға – ауылының маңдайындай.
Төртеуі төрт көшеге жайғасыпты,
Даланың тақта отырған хандарындай.
Төртеуі – бір далада түлегендер,
Сәулелі көкірегі, көрегендер.
Орнығып туған жердің тұғырына,
Тамырын терең жайды ірі емендер.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇