Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  55


Автор: Айсырға Қилыбаева

ІЗДЕП ЖҮРМІН

Мен сені іздеп жүрмін –
Бақтардан мұңға батқан
Қабақтан қырау қатқан;
Түндерден шырақ жаққан,
Бұлақтан жылап аққан.
Қызғалдақ гүлін берген,
Көктемнен күлімдеген
Шарқ ұрып өзіңді іздеп,
Талай түн көз ілмегем.
Алаулап таң атқанда,
Шуағын таратқанда;
Бұлт көшіп баратқанда
Мұң шағып Жаратқанға.
Ақ жауын селдеткенде,
Жыр құйып жүректерге;
Қыста қар жер бауырлап,
Көктемін түлеткенде.
Жаз келіп жайнағанда,
Өң беріп айналаға.
Құлпырып кемпірқосақ,
Ақша бұлт аунағанда.
Құстардың қанатынан
Қиқулап салатын ән.
Әлемнің төрт бұрышын
Шарлауға жаратылған.
Күздегі сұр аспаннан,
Тау-тастан сыр ашпаған;
Жалаңаш бұтақтардан
Кірпігін мұң жасқаған.
Теңіздің толқынынан,
Дауылдан жұлқылаған;
Жер-ана бесігінен
Жұпары бұрқыраған.
Жанардан жасаураған,
Жандардан масайраған;
Бүрісіп, солған гүлден
Бүршігін аша алмаған.
Көз алмай төңіректен,
Кештерден күреңіткен;
Жолдардан бізден бұрын
Керуен жүріп өткен.
Көненің көздерінен,
Шешеннің сөздерінен;
Заманы ұлықтаған
Абыздың іздерінен
Мен сені іздеп жүрмін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу