Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  67


Автор: Айсырға Қилыбаева

ДИОГЕН

Қаншама бұл фәниден дәуір өткен,
Македонда Ескендір әмір еткен.
Грек жерін жаулап ап, бері қарай
Найзалы әскер жаяулап Сырға жеткен.
Дайлар шыққан алдынан садақ іліп,
Жете алмайтын жаяулар тұлпар мініп.
Зұлқарнайын амалсыз шегініпті,
Жарақат ап, иыққа жебе кіріп.
Дайлардан беті қайтып, кері кеткен,
Еліне жаулап алған билік еткен.
Гректің данышпаны Диогеннің
Жайында патшаға ел сөзі жеткен.
Сұраса, ол – Эфордың баласы екен,
Кемеңгер, адамзаттың данасы екен.
Жүрсе де диуананың күйін кешіп,
Халқының қиналғанда панасы екен.
Әкесі оған мұра қалдырыпты,
Диоген елді бірақ таң қылыпты.
Жиһазын үлестіріп кедейлерге,
Пенделік құмарлықтан арылыпты.
Таратып бар байлығын міскіндерге,
Бір киер қалдырмапты үстіне де.
Базардың ортасында жатады екен
Төбесін тесіп ағаш бөшкенің де.
Әмірші сарайына алдырмақ боп,
Қаншама жұмсаса да шабарманын;
Бірақ олар патшаға Диогенді
Таба алмаған келтіру амалдарын.
Диогенге патшаның өзі келіп,
Бөшке аузында тұрыпты сәлем беріп.
«Орындаймын, айт, – депті, – тілегіңді,
Байлық берсем бола ма үйіп-төгіп?».
Бетін бұрмай, Диоген былай депті:
«Жарылқаушым – сен емес, Құдай, – депті, –
Байлығың керек емес, сарайың да,
Бөшкемде жайлы жатып, тұрам», – депті.
«Тыныш жүр адам қанын арқаламай,
Қаларсың ертең құнын қайтара алмай.
Сұрайтын сенен жалғыз тілегім бар:
Былай тұр, күннің көзін қалқаламай!».
Жоқ емес, қазір бізде даналар бар,
Басына қауіп-тірлік қалап алар.
Олардан жалы биік жабылар жүр,
Жарлының жалғыз атын талап алар.
«Бірақ та Диогенді қайталаған
Жоқ қой, – деп, – осы күнде» айтады адам.
«Бар, - дейді, - әр ауылда Зұлхарнайын,
Бөшкені күн көзінен қалқалаған».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу