Өлеңдер ✍️
МАҢҒЫСТАУ ЭКСПРОМТЫ
Маңғыстауда таулар көп таңғажайып,
Сыр шертеді замана алмағайып.
Сайыпқыран батыр тұр тапжылмастан,
Бес қаруын беліне байлап алып.
Ақ көйлекті, зер кәмшат тақиялы,
Қыз бет таулар әжімсіз жатыр әлі.
Қаратау мен аппақ тау, шақпақ таулар
Көзді тартып, алыстан шақырады.
Тау еңсесін көтерген тұлғаланып,
Өн бойына өрлікті жинап алып.
Аспанды орап құшағы көкжиек те,
Даласына сүйеніп тұрғаны анық.
Қарт Каспиймен тағдырын байластырған,
Балбал тастар төрінде малдас құрған.
Жер бетінің тарихи кезеңдерін
Белгілі өлке бүгінмен жалғастырған.
Құлашы кең Маңғыстау – алып дала,
Күн астында қырандар қалықтауда.
Бейнетінің зейнетін көрер анық
Мың өліп, мың тірілген халық қана.
Маңғыстауда таулар көп бунақталған,
Тетис асты – даласы құрғап қалған.
Сондықтан да жер мен су пайғамбары
Осы өлкеде бас құрап жинақталған.
Мына дала – сабырлы жайсаң дала,
Кетпен менен тепкеннен тайсалған ба?!
Еркелетіп өсірген «тентектерін»,
Ақ жаулығы кіршіксіз байсалды ана..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter