Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  168


Автор: Мырзатай Болат

БАУЫРЛАСҚАН ДҮНИЕ

«Аға» дейді Ерекен*,
«Аға» дейді Мұрат* та
Бұлар да бір ер екен
Қалдырмаған ұятқа!..
«Аға» деді аңқылдап,
Сақалды інім Ырза* да...
Жайнаң қағам жарқылдап
Самауырдай үр жаңа!..
«Аға» деген сыпайы
Темірхандай* ініміз.
Жоғалмаған ұпайы
Қадірлінің біріміз!..
Абызындай даламның
Ағалармен көктедім.
Амангелді* - ағамның
Алдын кесіп өтпедім!..
Жеткізгенді* көргенде –
Тұратын ем иіліп...
Жақсыларым өлгенде –
Күйреп қалдым күйініп!..
Ақ көңілі баладай
Ағаларды көп көрдім!..
Байбазарды* данадай
Сыйлағанды дөп көрдім!..
Жаңғалақтау ісімді
Аға-бауыр сөкпеді.
Іні-бауыр түсінді,
Сырттарына теппеді..
Шалқайғанға – шалқайдым,
Абыройым төкпедім!..
Еңкейгенге – еңкейдім,
Кішірейіп кетпедім!..
Інілікке- жарадым,
Ағалыққа – анықпын!..
Сөйтіп жүріп, қарағым,
Шал да болып қалыппын!..
Қылып жүрмін ырзылық
Қанағатшыл күйіме.
Көрсете бер мырзалық,
Бауырласқан дүние!..




*Ерекен – балалар жазушысы Е.Қорабаев.
*Мұрат – журналист-редактор М.Жетекбай.
*Ырза* ақын-журналист Ы.Оңғарбай.
*Темірхан – журналист- ұстаз Т.Түйте.
*Амангелді – автокөлік маманы А.Мұрынбаев.
*Жеткізген – мал маманы Ж.Өмірбаев.
*Байбазар – тіл жанашыры Б.Ербақы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу