Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  130


Автор: Рахат Қосбармақ

ЖЫЛҒА ТІЛЕК

Күміс қыраулар көшеге көрік береді,
Бөлейді ұлпа мамыққа бөрік-төбені.
Тынымсыз Тышқан шырақ та көтеріп өкше,
Сиыр жарықтық сыпайы еніп келеді.
Жарықтық Сиыр!
Жақсылық күтемін сенен,
Түнгі боранның күтпеймін түтегін сенен.
Дәруіш-көңіл дәметіп, тілейміз ел боп,
Бітпеген істер дәл биыл бітерін сенен.
Құдайдан басқа жайғызар құлашыңды кім?!
Тарихтың кәрі арбасын бұрасың бүгін.
Үш жүз алпыс екі әулие жатқан жеріме
Үш жүз алпыс күн салтанат құрасың, Жылым.
Жұртымды обыр заманның жұтып тұр селі,
Шексіздей болған шыдамның бітіп тұр шегі:
Тоқсан жеті боп төбеге айдарын тағып,
Тоқсан мың тарау шаруалар күтіп тұр сені.
Ұлтымыз өссе – ұтылып қалмайсыз сіз де,
Жұртымыз өшсе – болашақ бармайсыз сіз де.
Жиырма бірінші ғасырға жеткізер аман
Бір биік белес-баспалдақ болғайсыз бізге.
Қанатты уақыт қалықтап, ғарышқа ұшады,
Жақындап асау ғасырдың алыс құшағы.
Бүлдіріп бәрін кетпесін бір нақұрыстың
Шамасын білмей сілтеген шалыс пышағы.
Тентек мінезбен тектісін теппесін үйір,
Тоғайып елім, толсыншы жетпесі биыл.
Алты ғасырдай аңыраған аңқау халқымды
Өзің құсатып мөңіретіп кетпеші, Сиыр!
Өкпелі қылып елімді, өкіндірмеші,
«Бес мәрте буып беліңді, бекінгін» деші.
Қаныңа сіңген қасиетің – самарқаулықты
Халқыма биыл тарту қып кетіп жүрмеші!
Салиқалы ойлар оянып, сана бүрленіп,
Дамысын қазақ, дала – гүл, қала – нұр болып.
Қырсық мінез бен қызылкөз ашуыңды, айнам,
Тастай кел – келсең, тап биыл Жаңа Жыл болып!
Түсің де жылы, түңілмен, түрің де дара,
Ұлылық барын өзіңде ұғынды Ел-Ана.
Тілдессін жұртым бір-бірімен биылдан бастап,
Сиырдың емес, Адамның тілінде ғана!
«Жақсылық болып жайылар жүрегім» деші,
«Шаңырағыңа шаттық боп кіремін» деші.
Жыл болып жаңа,
Жыр болып келді киелім,
Хақтағалам-ай, қабыл қыл тілегімді осы!
Бақыттан басқа әмірге бағынбай сезім,
Адал жүректен төгілсін ағындай сөзім.
«Сыбырлағанды Құдай да естімеуші ме еді»,
Бір періштенің құлағына шалынғай сөзім!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу