Өлеңдер ✍️

  21.07.2022
  103


Автор: Баян Тіленшина

Керім ағаның кемел жолы

Кезек келер ылдиы, өрі, төрі, 
Не деген желден жүйрік өмір еді...
Керім десе, Керекең керім еді,
Білім нәрін ұрпаққа беріп еді.
Керекең Керім десе, керім еді,
Зерттемеген зердесіз не біледі?!
Жетілмеген жетесіз не іледі?
Кеше еді ғой жарқырап ай маңдайы,
Нұрға толып жүргені төңірегі.
Аласарып арманның асқар тауы,
Тыйылмастан «тап» деген жанжал, дауы,
Көкірегі ояу, көзі ашық, жақсы жайсаң,
Азап шеккен атанып «халық жауы».
Бір-ақ шығып сол «жаулар» «итжеккеннен»,
Өмір кешкен қадірі иттен төмен,
Талай тұлпар тайғанап шерлі өткелден,
Талай уыз тағдырлар тәлкектенген.
Нақақ үкім заһар мен зәр төккеннен,
Қанша шырын сезімдер сөртектенген,
Айрылып ел ержүрек еркектерден,
Тауқымет тартқан таяз ой «телпектерден».
Орашолақ, ойы шолақ «белсенді ерден»,
Шарасыз ел күңіренген, кемсеңдеген,
Халқы үшін құрбан болған боздақтардың,
Рухы болмақ емес жермен-жексен!
Халыққа қызмет ету басты арман деп,
Ұлы ұстаз өнегесі асқарға өрлеп,
Керекеңнің кең, даңғыл, кемел жолы,
Келешекке ұрпағын бастай бермек!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу