Өлеңдер ✍️

  20.07.2022
  102


Автор: Баян Тіленшина

Сайрам ауданы 90-да

Тойыңда елім, толғандым,
Құс қанат қалам қолға алдым.
Жұмағын жырлап тербейін,
Мына фәни жалғанның.
Ақ қарға тамған күреңдей,
Аруға біткен білемдей.
Түріңнен, жерім, айналдым,
Көз жауын алар кілемдей.
Не түссе бойға өндірген,
Жер-жәннәт сенсің мен білген.
Асаудың көңілін жусатып,
Арғымақтай желдірген.
Көркіңнен, жерім, айналдым,
Көк барқыт киген айдарлым.
Шөбің де дәру, суың да,
Қасиетіңе қайранмын.
Нұр сіңірген аспаннан,
Сайрамым-дархан дастархан!
Көлінде ойнап ақ шабақ,
Бұлақтан күлкі басталған.
Саф ауа, ерке самалың,
Періште мінез адамың.
Қожа Ахмет Яссы туған жер,
Шоқтығы сынды сананың.
Ибраим атам өскен жер,
Әулиелер демі ескен жер.
Бірін- бірі пір тұтып,
Қол беріп, қолдап өскендер.
Табынып өтер тірі адам,
Тазартар бойын күнәдан.
Сайрамым, менің Сайрамым,
Тілекті берер сұраған.
Бір көрген ғашық болғандай,
Орындалған армандай,
Топырағың – бойтұмар,
Бәледен қағар қорғандай.
Егестің айтқан байламын,
Кіндікқан тамған Сайрамым.
Тұранның Туы секілді,
Айбатыңнан айналдым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу