Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  66


Автор: Ғафу Қайырбеков

ТҰРСЫН-ЗАДЕ ҚАЛАСЫНДА

Шіркін, Ғиссар –
Бақыты ғой Тəжіктің,
Тіршілікке бəрі керек азықтың
Бұл жазықта
Өспейтіні жоқ шығар,
Мəпелеген
Алақанын жазып күн.
Ал анау бір
Асқар-асқар таулардан
Тасқын сулар
Бетін бері аударған
Мəңгі-бақи
Тұмсығын бір алмайды
Тамылжыған
Миуа бақша-баулардан.
«Тау туғызбас
Біздің Ғиссар екені –
Адам-Ата,
Хауа-Ананың мекені!» –
Деп тəжіктер
Мақтанады, несі бар,
Жұмбақ өлке
Қай мақтауға жетеді!
Сол Ғиссардың
Арғы доға басында
Ақ шалмалы
Тау Памирдің қасында
Тұрсын-Заде қаласы бар,
Білсеңіз,
Бүкіл Тəжік
Өндірісі осында.
Келешекке
Тəжік қолын созған жер,
Тұла бойы
Алтын, күміс, толған зер –
Иемденіп
Жаңа заман қаласын
Тағы да
Ақын абройы озған жер!
Тойдың басы
Осы жерге тірелді –
Жайып тастап
Миллион шашақ кілемді,
Тобығына
Күміс таққан сұлулар
Дүниені
Сыңғырлатып жіберді.
Күймен, əнмен
Балқып тұрды айналаң,
Сан бұлбұлдар,
Сандуғаштар сайраған,
Сан ақындар
Саңқылдады биікте
Жалын жырды
Жалау етіп байлаған.
Мен қайтейін,
Мейлің сүйсін, сүйсінбе,
Өлең оқып
Өз тілінің күшінде,
Тұрды шалқып
Қазақтың бір ақыны
Сартылдаған
Алақандар ішінде.
Астық жинап
Қырық мың санды қырманға
Миллиардты
Ортаңа əкеп ұрғанда,
Мен сөйлемей,
Дүние сөзі бітпейді.
Ту сыртымда
Қазақстаным түрғанда! –
Деген кезде,
Жұртты көрсең тасыған,
Аруағы асып түскен
Асыл нан!
«Айналайын! –
дедім сонда, – туған жер!»
Барлық туыс
Шыға келгендей қасымнан...
Қалды есімде
Тұрсын-Заде қаласы,
Ақынға ақын
Болысуын қарашы.
Деді сонда
Ауғанстан ақыны:
– Нағыз ақын –
Кең қазақтың даласы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу