Өлеңдер ✍️

  29.06.2022
  127


Автор: Марфуға Айтқожина

КҮНДЕРІМ ӨТІП ЖАТЫР...

I
Күндерім өтіп жатыр, алау-аспан,
Күндерің білінбейді,
Бала бақсаң.
Алады етегіңнен «Апатайлап»,
Ақырын үйден шығып бара жатсаң...
Қаншама күттірмейтін ісің қалып,
Қысылып,
Қиналсаң да ішің налып –
Балқытып бал қылығы –
Балбөбектің,
Басасың бауырыңа құшырланып.
Шіркінге берілесің шыныңменен,
Жылуды айт,
Жүзіндегі күлімдеген!..
Баланы кім айтады, «қолбайлау» деп,
Төгілген күнім де өлең,
Түнім де өлең!..
Болса да жырға берік сертім бүгін,
Əуенін тек солардың шертуде үнім.
Кешегі серілігім шеттеу қалып,
Солардың қолында бар –
Еркіндігім!
Дүрліккен көктем келіп, гүлдейді бақ,
Жұрттарға бар тірлігім –
Жүрмейді ұнап.
Ұнамас ұнамаса, мен солармен,
Бірге тұрып келемін,
Бірге құлап...
Тербеймін, əлдилеймін, бөбегімді,
Бөбекке керек қанша, өнеге-үлгі...
Басқанда бауырыма –
Бөбегімді,
Ұмытам, көптен бергі,
Көне мұңды...
II
Келемін бірге тұрып, бірге құлап,
Жыласа да шын жылап, күлгені ұнап!..
Айналдым, Мөлдір, Нəзік,
Ермұратым,
Жұпар иіс, гүл көмкерген, гүлдеді бақ
Ұйтқыған уақыт шіркін, құйын ба едің,
Текке күліп, мен текке күйінбедім.
Бəрінен пенделіктің биік болып,
Жатады думан толып, үйім менің.
Орманым тербетіліп, егін өссе,
Тартыла бермей ме жыр – диірменім?!.
Өріс пен осы емес пе, өркен деген,
Өркенім –
Өмірімді көркемдеген.
Қаулайды арман гүлі көкіректе,
Солардың есейгенін көрсем деген!
Солар ғой, нағыз Алтын көпіріңіз,
Жалғайтын бүгінінді ертеңменен!..
Жүрсе де, құлындарым, салып ойнақ,
Кездер көп қамығатын, бəрін ойлап.
Жүрегің тас болса да кетер жібіп,
Жымиса жүздерінде жалын ойнап.
Кім үшін өмір кештік, керек кімге,
Өмірім емес менің мəнін жоймақ!..
Солар ғой, шымырлаған –
Жыр бастауым,
Сендермен қандай бақыт сырласқаным.
Ататын солармен таңым жарық,
Қашан да өздеріңмен нұрлы аспаным!
Танданба маған, ерке, құрдасым...
Мейлі ғой, мені жырлар тосып жүрсін,
Айтамын бесік жырды, қосып жұртым!
Артымда «Апатайлап», жылап тұрар,
Көз жұмып кетер болсам,
Тосын бір күн...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу