Өлеңдер ✍️

  29.06.2022
  117


Автор: Марфуға Айтқожина

ТОБЫЛҒЫ ГҮЛДЕГЕНДЕ

Сен келіп ең,
Тобылғы гүлдегенде,
Өрнек болып қалыпты бұл да өлеңге.
Туған жердің көзіндей,
Қайран құрбым,
Енді қайтып өзіңді бір көрем бе?!
Сен келіп ең,
Аспанның ашығында,
Толқындап, сонда өзендей
Тасыдым ба?!
Бал дəурен,
Балғын кездің белгісі едің,
Сезімді болар ма екен жасыруға?!
Көп қарадым тербелген құрақтарға,
Құрақтайын жаным бір шуақтар ма.
Асыр салған кеудемде,
Асау күндер,
Кетіп бара жатырсың,
Шұбап қайда?!
Сен келіп ең,
Құстардың қиқуымен,
Сонда мен шын сергігем,
Сиқыр – үннен!..
Сол күндерді ойласам,
Сана сарсаң,
Түннен аулақ безінер, ұйқы мүлдем!..
Сен келіп ең,
Тобылғы гүлдегенде,
Өрнек болып қалыпты бұл да өлеңге.
Туған жердің көзіндей,
Қайран құрбым,
Енді қайтып өзіңді бір көрем бе?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу