Өлеңдер ✍️

  29.06.2022
  96


Автор: Марфуға Айтқожина

МЕН АРҚАҒА БАРҒАНДА

Мен Арқаға барғанда,
Астанаға,
Көңіл күйге бөленді басқа, жаңа.
Алып кетті ақ бұлттар қанатымен,
Таулар да төмен қалып асқар-ала!
Көңіл ұқсап Арқаның даласына,
Қағады жыр-қоңырауды –
Жан асыға.
Бұл далада ерекше қасиет бар,
Сəуле құйған жандардың санасына.
Оқшауланып тұратын басқалардан,
Ұлылықтың көзінен бастау алған –
Аруақты Аталар дүбірлетіп,
Ғасырларға арманын тосқан алдан.
Толқындар да ерекше Есілдегі,
Есіңді алар,
Еркелей есілгені.
Қалмайды сезіміңді бір сергітпей,
Көшкен бұлт та,
Көкжиек шетіндегі.
Қарсы алып келгенінде дос алыстан,
Алдыңнан құстар-дағы тосады ұшқан.
Қазағымның айбынды хандарындай,
Қарайды,
Айбат шегіп,
Қос арыстан!..
Елестеп, ұлы көштер, алыстағы,
Төрінде малдас құрды
Арыстары.
Қазағының ойлаған болашағын,
Қақпаны күзетіп тұр Арыстаны!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу