Өлеңдер ✍️

  28.06.2022
  170


Автор: Марфуға Айтқожина

АҚҚУ ЖҮРЕК

Қайран ғұмыр, өтсе де қиналып күн,
Аққу жүрек!
Жырлармен сырланыпсың.
Айналмайды бұл өмір енді мұңға,
Таң арайлап атқанда,
Нұрланып шың!
Аққу арман, кіршіксіз,
Аққу жүрек,
Алауланып, қиялмен баттың жүдеп.
Алатауда астасып аспанменен,
Аппақ сезім,
Ақ үміт, жатсын түлеп!
Айдындағы сыңғырлы аққу үндер,
Сезіміне тербеліп жатты гүлдер.
Тебіреніп, тəкаппар –
Тағдырына,
Таңырқана таңдайын
Қақты кімдер?!.
Құрығынан құтылған қиянаттың,
Көкірекке,
Көп арман, ұялапсың.
Көк шыңынан көк таудың ойға батып,
Көкжиектен барады,
Қиялап күн!..
Таң арайлап, алаулап батты күндер,
Алауынан бақытын тапты кімдер?!.
Жалбарынып,
Жалғыз-ақ сұрайтыным,
Жырларыма,
Аққудың пəктігін бер!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу