Өлеңдер ✍️

  27.06.2022
  92


Автор: Марфуға Айтқожина

ТАСЫП АРНАҢ

Күндерім əніңді əлі тербетуде,
Қалдым мен сенің тұнық келбетіңде.
Жататын күйін шертіп, жырын төгіп,
Тұнығын толқындатып желге түнде.
Нұр құшып тұрушы еді шоқтығыңды,
Неге сол салтанатың жоқ бұрынғы?!.
Сайрамкөл толқынымен кетті көміп,
Тулаған көкіректе көп мұңымды...
Кім сенің келбетіңе таласа алды,
Кім сенің жүрегіңе жара салды.
Кім сенің шайқап кетті тұнығыңды,
Неліктен, биік тұлғаң аласарды?!.
Неліктен қуанбайсың, шаттанбайсың,
Бір жола ұясына батқандай күн!..
Алысқа кеткен əрбір перзентіңді,
Армандай,
Аңсай күтіп жатқандайсың!..
Жүресің қайда барсам қиялымда,
Өзіңді жамандыққа қиярмын ба?!.
Тұрады көз алдымда күні бүгін,
Тербелген қия-жартас,
Қияғың да!..
Қамықпа,
Қапаланба, туған мекен,
Балаң жүр, мақсатқа бел буған бекем.
Бастайтын қиырларға құлшындырып,
Қажымас қайрат берген тұлғаң ба екен?!.
Басымда үй,
Бауырымда бар ошағым,
Еліме еркелесем жарасамын.
Келерсің кемеліңе, шыда, шыда,
Керемет деп сенейін болашағың!
Ойымды саған деген жасыра алман,
Күн таяу, орындалар асыл арман.
Түсерсің сабаңа əлі баяғыдай,
Толқының күй құшақтап,
Тасып арнаң!..
Ойланып оңашада күйге шомып,
Қиялмен ораламын күнде шолып.
Айығып азабыңнан құлшынарсың,
Тұрғанда жүрегіміз,
Бірге соғып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу