18.06.2022
  187


Автор: Ғафу Қайырбеков

ҮШІНШІ ЖЫР

Күн де шықты теңізден күмбезіне аспанның
Нұр шапағын шашуға Құдайлардың, басқаның
Қыбырлаған жердегі пенделердің бəріне
Теріп жеген жемісін. Сол уақыттар болғанда
Салтанатты Пилостың төсі толы қорғанға
5. Нелей деген шаһары жайнап көзге шалынды.
Кеме келіп тоқтады, қағып қатты дабылды.
Посейдонға мұндағы ел ылғи қара бұқаны
Құрбандыққа шалып бір жағалауда əкеліп
Тоғыз қатар орындық, əрқайсында жетерлік
10. Бес жүз адам жайғасқан, бəріне дəм толтырған
Қабырғаларын өгіздің отқа жағып отырған
 Құдайларға құрметі – сыйынудың салтымен
Жұрт үстіне жолықты жолаушылар кеп біздің.
Арқандарын лақтырып, қазықтарға жеткізді.
15. Шықты бəрі жағаға, байлаған соң кемені
Қыз-құдайдан Телемах қалмай еріп келеді.
Айтты сонда Афина: «Одиссейдің баласы,
Енді саған ұялшақ болмайтұғын кез жетті.
Теңіз кештік осынша білсең нендей себепті.
20. Тағдыр айдап əкеңді қайда апарып тастады,
соны білу еді ғой – біздің мақсат бастағы.
Асау атты үйреткен Нестор ерге жақын бар.
Батыл сұра сен одан, айтсын түгел шындықты
Жалған сөзге жаны жат кісі еді ол бір мықты».
25. Одиссейдің ақылды баласы сонда сөйледі:
«Қалай барам қасына? Не айтамын мен?» – деді.
Үйренбеген сөйлесіп, ой білдіріп көсемдік.
Үлкендердің алдында сұрау беріп белсеніп.
30. Асыл қызы Зевстің нұрлы көзді Афина
деді оған: «саласың көп шаруаны ақылға,
білмегенің біразын Демон еске салады.
Тəңірлерден лұқсатсыз жаралмаған баласың,
Тəрбиең де жетеді, бір амалын табасың».
35. Алға түсіп Афина тез-тез басып жөнелді.
Бетіне алып тойлаған жағадағы көп елді.
Отыр Нестор ортада балалары қоршаған,
Малайлар жүр əбігер отқа бітеу ет қақтап,
Жолаушыларды көрген соң шықты алдынан жұрт қаптап.
40. Қол берісіп оларға, төрден орын ұсынды ең,
Писистрат Нестордың ұлдарының ішінен
Бірінші боп қарсы алды, қолдан алып екеуін
Отырғызды апарып жайған төсек теріге.
Фрасимед кенже мен қарт жайғасқан жеріне.
 45. Тəтті дəмнен татырып, құйды құты толтырып,
Бал шараптан тағы да, тіл қатты сонда отырып,
Афинаға нұрлы көз, құдіретті Зевс қызына:
«Уа, жолаушым, сен енді Посейдонға жүгін бір,
Құрметіне біз соның той жасадық бүгін бір;
50. Салт бойынша ежелгі құдайы беріп сыйынып,
Серігіңе қастағы тұрсын шарап құйылып, –
Тəңірінің сусыны, алыңдар да, қаныңдар.
Пəндеміз ғой бəріміз, құдайларға құлшылық
ететұғын жөніміз. Серігіңнің кішілік
55. Жас ыңғайы шамасы, меніменен құрбылас.
Алдыменен сондықтан саған қойдым ықылас», –
Деді дағы шарапты Афинаға ұсынды.
Жас баланың ақылды мынау ісі қалды ұнап,
Посейдонға тіл қатты дауысымен қаттырақ:
60. «Уа, падиша-Посейдон, жердің əмір тұтқасы,
сыйынамын мен саған, пəнделердің дұғасын
Қабыл ет сен мұндағы. Ең алдымен Нестордың
Даңқын артқыз, əуелі балаларын жарылқа.
Пейіліңмен ризық бер осындағы бар жұртқа.
65. Көзіңді сал содан соң Телемах пен маған да,
Аман-есен қайтуға шаруамызды тəмамдап,
Үйімізге кемемен», – деді дағы дұғасын
аяқтады құдай-қыз; қос тағанды құтыны
кезегімен əкеліп Телемахқа ұсынды.
70. Одиссейдің сүйікті құлдық етті баласы.
Қызметшілер ұсынды семіз өгіз жаясын.
Үлестіріп дəм-асын той дүрілдеп жөнелді.
Қарын тойып алған соң сусын менен тамақтан.
Геренейдің батыры – Нестор жұртты қаратқан:
75. «Уа, құрметті қонақтар, болар енді маған да
Жөн сұрамау ыңғайсыз; қарап болып тағамға
 Отырған соң айтайын – өздеріңіз кімсіздер?
Қай тараптан жүрсіздер? Сулы жолды басыпсыз
Жұмыс бар ма маңызды əрі тығыз, асығыс?
80. Əлде олжа аңдыған, теңіз бетін шарлаған
Тағдырымен ойнаған, жүрген жері зарлаған
Қарақшылар боларсыз?» Сонда алды ширығып
Одиссейдің кемеңгер ақылды туған баласы:
(Жігер берді Афина, ашып ақыл, санасын,
85. Алыстағы əкесін сұрауға жөнін Нестордан,
Жəне даңқын білуге ел-жұрт сүйіп ес қылған)
«О, Нелейдің баласы, ахейлердің панасы –
Нестор, даңқыңды асырған, біздің жөнді сұрасаң,
бар шындықты айтайын, жасырмайын ешқашан.
90. Көк орманды Нейоннан, Итакиден едік біз:
Дей алмаймыз бұл сапар ел ісімен келдік біз.
Жеке жұмыс біздікі; əкем үшін ел кездім,
Одиссейдің хабарын естіген кім, білген кім?
Иллионның қаласын бір шабысқан екенсіз
95. Естуімше мен жұрттан, қарсы ұрысқан Троймен
Ер біткеннің сондағы айдалада бəрі өлген;
Соның бəрін жасырған Кроннон біздерден;
Менің əкем қайда өлді – білмейді ешкім əлі күн,
Жер үстінде өлді ме, тоздырып жау қаруын,
100. Əлде оның болды ма көк теңізде қазасы,
Амфитрита толқыны айтты ма оның азасын.
Жалынамын мен сіздің тізеңізді құшақтап,
Жасырмастан айтсаңыз сорлы əкемнің тағдырын,
өз көзіңіз көрді ме, əлде естіп анығын
105. Алдыңыз ба біреуден, қалдырмаңыз барлығын,
Аямаңыз ащы сөз, мұңайды деп мен бүгін
Көрген көзде жазық жоқ. Ақылы артық Одиссей
 Ерлігі мен ісімен жері бар ма болысқан.
Сонау қиын күндерде Троямен соғысқан
110. Көп қырылған Ахейлер қасіретке ұшырап.
Соның бəрін есіңе ал, баян етіп жақсылап».
Геренейдің батыры – Нестор жауап берді оған:
«Салдың, балам, есіме, қырсық күнді несіне,
Сондағы бір басынан Ахейлердің кешірген.
115. Сергек батыр Пелидтің бастауымен көреген
Бір бөлігі əскердің суда жүйткіп кемемен
Қараңғы теңіз өрінде жүрген едік олжалап,
Бір бөлігі əскердің жаулап Приам қаласын
Қырқысып жатты қамалда қиын жаумен таласып.
120. Аяулы ердің бəрі өлді: қаза тапты Аякс,
Ахилес өлді содан соң, бойына біткен ақыл-күш
Құдайлармен пара-пар – Потрокл көз жұмды.
Менің ұлым Антилох, сəби батыр жел аяқ,
Еңіреген ер еді, қалмайтұғын жан аяп,
125. О да қалды сол жерде. Кештік талай қырсықты,
Айтып оны тауысар қайдан шешен тіл шықты?
Тыңдап жəне бітпейсің бес-алты жыл арнасаң,
Ахейлердің ол сапар бастан кешкен сұмдығын.
Тоғыз жылға созылған екі жақтың қырғынын.
130. Баспақ болды Кроннон əдіс-айла күшімен.
Озған ешкім жоқ еді екі аяқты кісіден
Одан ақыл-айламен. Патша Одиссей өзі де
Сан шарғыны білетін адам миы жетпейтін.
Сенің мына кескінің көкейімнен кетпей тұр.
135. Баласы болсаң – боларсың, сөз сөйлеуің тартыпты.
Осынша жас қалайша ақылымен артық-ты,
Таңданамын мен оған. Бүкіл соғыс бойында,
 Бар жиында, кеңесте, топты алқада нелер сан
Сөзді бірге сөйлестім Одиссеймен əрқашан;
140. Ортақ еді ойымыз. Табушы едік бір шешім
Сөктірмеуге жауына Ахейлердің іргесін.
Ұлы Приам қаласын біз құлатып болғасын
Оралғанда кемеге құдай бізді ажыратты;
Ахейлерге қырсықты Кроннон сайлапты.
145. Тегіс пиғыл жұртта жоқ, емес елдің бəрі əділ,
Қаһар соқты сол үшін – азғырды бір əзəзіл.
Құдай қызы Афина Атридтердің ішінен
Дау туғызды өнбейтін. Ерегісті екі жақ,
Кеш батқанда шарапқа əбден қанып ішіп ап.
150. Кеңес ашпақ болар ма, қай тараппен қайтуға.
Талап етті Менелай теңізбенен тартуға
Оған ерген аргиптер; Агамемнон көнбеді:
«Ең алдымен ахейлер құрбан шалсын», – деді ол.
«Құдай қызы ашуын қайтып алсын», – деді ол.
155. Қайран шіркін балалық! Қайдан білсін құдайдың
Енді ашуы қайтпасын? Ол тəңірлер оңай бір
Ойларынан өзгермес. Сөйтіп əлгі екі жақ
Қатты сөзге келісті, екі туыс көніспей,
Шуға басты ахейлер екі ұдайда беріспей.
160. Ол түнді біз өткіздік пікір оймен кереғар,
Зевс сонда біздерге əзірледі бір азар.
Ертеңінде бір тобы шықты жойқын теңізге,
Кемелерге тиеп ап қынама бел қыздарды
Ахейлердің жартысы жағалауда ол қалды.
165. Агамемнон патшамен сан халықтың басшысы
Жүйіткідік біз кемемен қуырып жол апшысын.
Құдай бізге болысты жұмсақ толқын төсеумен.
 Тенедосқа келген соң, құрбан шалдық жақсылап
Құдайларға жалбарып, елге қайтар бақ сұрап.
170. Қатыбас Дию алайда жолымызды кідіртті.
Екінші жаулық орнатып, араға сөз жүгіртті.
Патша Одиссей бөлінді соңына ерген тобымен,
Көп ескекті кемесін кері салған бойымен
Қайта қайтты, Атридті Агамемнонға жолымен
175. Бас идіріп берем деп. Мен содан соң асықтым,
алға тарттым тобыммен, білдім барын қырсықтың.
Тидейдің кесір баласы ол да шықты жұртымен;
Алтын айдар Менелай сəл кешігіп жүзді елге,
Қуып жетті Лесбоста, қаңтарылған біздерге:
180. Қай жолменен кетуді елімізге біле алмай;
Бай Хиостың құздарын басып өтіп бірыңғай
Сол қол жақта қалдырып, Псираға беттемек
Болсақ па екен, əлде біз Хиостан сəл қиыстау
Жүрсек пе екен Мимантпен – азынаған желбет тау?
185. Дию-періге жалбардық аян бер – деп біздерге,
Аян берді ол теңіздің ортасымен жүзуге».
320. Сатқын шеше, сұм Эгист жəне тағы жерледі,
Дəл сол күні азулы ер Менелай да келгені.
Қазына тиеп кеме кетті сыйғанынша бəріне,
Енді, балам, ұзақ жүрме отаныңнан алыстап
Үй ішіңді, бар мұраңды жауыздарға табыстап.
325. Жалмауыздар түріп шапқан сіздің үйдің іргесін,
Бұл сапардың бір саған пайдасы жоқ білгейсің.
Менелайға жолық бірақ (кеңесім де талайым),
Жаңа оралған еліне алыстағы шет жұрттан,
Жалпақ теңіз, дауыл айдап шыққан адам сол тұстан.
330. Қаптың тірі келуі мүмкін емес жер еді ол.
Ұшқан құс та жете алмас кешсе дағы жылдық жол.
 Ол сұмдық жер шек-шетсіз иірімдері жалмауыз,
Серіктермен бұл жерден кетесің бе теңізбен.
335. «Баламды да қосайын жол көрсетсін ол саған,
Лакедемон шаһарына мұнаралар самсаған.
Алтын шашты Менелай құрған сонда патшалық
Менелайдан жөн сұрап, асықпастан білгейсің,
Жалған айтпас, ақылды адам еді ол кісің», –
340. Деп бітірді сөзін ол да. Қас қарайды, күн батты,
Несторға арнап жайымен Афина қыз тіл қатты:
«Уа, қария, сөзің оң. Кешікпелік біз енді,
Тіл кесетін кез келді. Құдайлармен бас қосып,
Шарап ішіп Посейдон масаттанар ас тосып.
345. Күн кешкірді, аялдап бізге отыру жараспас,
Болудың да реті жоқ құдайлармен табақтас», –
Деді сонда құдай қызы, бəрі соны тыңдады.
Құлдар тұрып қонақтардың қолдарына су құйды.
Балалар тосқан бал шарап қолдан қолға сырғиды.
350. Салт бойынша оң жақтан үлестірді шарапты.
Тіл лақтырып отқа сап, дұғаға бет қаратты.
Құлшылық қып болғаннан соң, сусындатты тағы да,
Қанша ішсе де ықтияры Афина мен Телемах
Қоналқаға кемеге болды енді жиналмақ.
355. Нестор сонда қонақтарды кідіртіп сөз сөйледі:
«Мəңгі Зевс, өзге құдай бұларыңды жөн деуі
Мүмкін емес. Түн ішінде кеме үстіне қонудың
реті жоқ. Төсек-орын осында да бар шығар.
Қайыршы бізді деппеңдер жұрттан дүние, мал сұрар?»
360. Жұмсақ төсек, ұйқыға рахаттанып батуға
Жетеді орын менде де, қонағыма жатуға,
Одиссейдей ер ұлын кемесіне түнетіп
 Отыратын жəйім қайсы? Ұлдарымды мен дағы
Бірге тұрып үйреткем сыйлау үшін қонағын».
365. Жауап қатты Зевс қызы, нұрлы жанар Афина:
«Уа, қария, айттық сөз жарасатын ақылға.
Орындасын тілегіңді екі қылмай Телемах;
Қалдырамын мен оны шатырыңның астында
Ораламын кемеге адамдардың қасына.
370. Мен олардың мəн айтып, көтерейін беделін,
Келгендердің ішінде жасы үлкен мен едім.
Телемахтың құрдастары бірге өскен бəрі жас
Өз еркімен бұл жолға серік болып ергендер.
Ертең ерте ер халық – Кавкондарға мен жөнер.
375. Ретім бар, ондағы ел көптен бергі қарызын
Төлеу керек маған да. Телемах та парызын
өтеп, түнеп шыққан соң, ертең сенің ұлыңмен
Өз қолыңнан арба алып, аттандырып саласың.
380. Аттары оның белді де, болсын жүрдек ыңғайлы», –
Осыны айтып Зевс қызы енді жолға жиналды.
Қыран болып ұшып кетті, таң қалдырып халықты
Бұл ғажапқа қайран боп қалды Нестор де
Телемахты қолдан ап, қаратты оны сөзіне:
385. «Достым, сенің күшің зор, жүрегіңнің түгі бар,
Серік болса жасыңнан дəл мынадай құдайлар.
Асыл Олимп тұрғыны – өлмейтіндер ішінен
Жаңа көрген Дию қызы – Тритогена болмас па,
Қалың аргив ішінен əкеңді алған жолдасқа.
390. Олай болса, құдай-қыз, бізге дағы даңқ бер,
Бала-шаға, əйелге бақ, абырой алып кел!
Еркін жүрген жайлауда, басына ноқта тимеген
Қасқа бұзау шалайын қазір əкеп осында,
Алтындатып мүйіздерін, күміс шашып басына», –
 395. Деді дағы, жалбарды, естіді оны Паллада;
Алға түсіп жөнелді өзі, ұлдары да қалмады,
Күйеулер де ұлағатты ерді оның соңынан.
Кірді үйіне Нестор ер, Геренейдің батыры,
Жақсы орынға жайнаған ел жайғасып отырды.
400. Келген жұртқа қарт өзі құйды шарап толтырып.
Он бір жылдай ашытқан шарап екен, мол тұнық,
Кеспектердің ауызы ашылғаны осы еді
Алтын құты алдымен өзі бастап қолға алып
Əмірші Зевс қызына ол жалбарынды қол жайып.
405. Қанғанынша бал ішіп, құлшылық қып болғасын,
Үйді-үйіне тарасты ел ұйқы қамын ойласып.
Тыныштық тілеп қонаққа Геренейдің батыры,
Патша Одиссей ұлына кең бөлмеден орын сап,
Писистрат кеніне ұлын, Найзагерді ол жұмсап.
410. Қасына əкеп жатқызды көп ұлының ішінен
Үйленбеген бойдағы ед, елге мəлім күшімен.
Өзі сосын ішкі үйге жары салған төсекке
Барып жатты. Түнектен шықты бір кез Таң сұлу –
Інжу-маржан жүзіктері жарқыраған паң сұлу.
415. Тұрды Нестор төсектен Геренейдің сабазы.
Шықты дағы бөлмеден, босағадан əрі озып,
Тас тұғырға отырды жұмырлаған тегістеп,
Қонғандай-ақ жылмағай бейне үстіне май жағып,
Бұрын онда Нелей ер отырушы ед жайланып.
420. Енді жоқ ол. Ертеде-ақ о дүниелік болған-ды.
Ахейлердің иесі – Несторға мұра сол қалды.
Балалары келіп оған бөлмелерден жиналып
Ехефрон, Стратпон, Персей жəне Фретос,
Сұлулығы құдаймен тең Фрасимед аршын төс.
425. Писпотрат кенжесі – алтыншы ұлдың өзі сол.
Одиссейдің ұлына Нестордан соң берді жол.
 Келген жұрттан кезек ап Геренейдің батыры.
«Балаларым əмірімді қабылдауға қам жаса,
Афинаның қайырымына үміт артам мен аса».
430. Кешегі ұлы құрбандық – тойда бірге отырған,
Сол-ау деймін. Өрістегі бұзауды əкеп, шал құрбан.
Өзгелерің Телемахтың кемесіне барыңдар,
Əкеліңдер жігіттерді, тек екеуін қалдырып,
Үшіншіден зергерді – Лаэркосты алдырып.
435. Алтынменен атпаңдар сол бұзаудың мүйізін,
Қалғандарың басқарып күндер менен үй ісін.
Даярлаңдар орынды үлкен асқа лайықты.
Отын қамдап, беріңдер нұрлы судан біздерге».
Сөй деді ол. Жұрт кетті тойдың бабын іздеуге.
440. Бұзауды да əкелді, Телемахтың жандары
келді олар да. Кемеменен кешкен ауыр жолдарды
Келді алтын ұстасы, тас, балғасын қолына ап.
Келді Афина құрбандық алу үшін қырындап,
Нестор сонда зергерге берді таза алтын ап.
445. Ол қақтады бұзаудың алтынменен мүйізін.
Бар өнерін аямай, құрбандыққа нұр жүзін
Құдай қызы бұрсын деп. Қос мүйізден ұстады
Стратпон мен Ехефрон. Ілегенді гүлге орап,
Қолдарына олардың су құюға даярлап.
450. Алып шықты Аретос бір қолына сауытты
сұлы салған ішіне. Фрасимед даңқты
алып күштің иесі, өткір балта қолында
құрбандыққа таяды; Персей тосты тостаған,
Осы кезде ер Нестор, асауға құрық тастаған.
455. Қолын шайып алды да, сұлы шашты бұзауға,
Басынан қылшық жұлып ап, отқа салды, сұрауға
Афинадан лұқсат, құлшылық қып құдайға.
 Өзгелер де сұлымен көмді бұзау денесін.
Фрасимед пəрменді сілтеп қалды шүйдесін.
460. Қиып түсті айбалта, жерге бұзау гүрс етті,
Қалыңдықтар, қыз-қырқын сонда үрей көрсетті.
Патша əйелі шошынды жүрегі əлсіз кісі екен, –
Еврикийдің ең үлкен сұлу қызы еді сол.
Құлап жатқан бұзауды сойды келіп осы жол.
465. Писпатрат асыл тек. Арам қаны сарқылып,
Жаны шығып болған соң, сіңірлері тартылып,
Мүше-мүше, бой-бой ғып дереу бөліп тастады.
Қабырғасын қақыратып, майлап сыртын майменен,
Қанды сұр ет қаптатып, белгілі салт жайменен.
470. Нестор отқа қақтады, шарап құйып себелеп.
Бес тармақты шанышқы қабырғаларды кебелеп
Іліп əкеп өртеді. Шек-қарыннан дəм татып,
Өзге еттерін пісірді тегерішпен аунатып,
От-жалынға тосқылап, қонағына арнатып.
475. Кіші қызы Нестордың – Поликаста ол ма
Телемахты ертіп кеп, шомылдырды моншаға.
Жеңіл-желең кигізіп, жұпар сумен ысқылап,
Бастағанда жігітің шыға келді жарқырап,
Зерлі шапан үстінде, құдайларға тартып-ақ.
480. Халықтардың қамқоры – Нестордың кеп қасынан
Отырды ол жайланып, əзір болған асынан.
Дəм татарға кірісті, алтын құты шарапты
Қолға алысып, сіміріп, ел тоғайып алғасын
Нестор тағы сөйледі – Геренейдің ағасы.
485. «О, балалар, жегіңдер қою жалды аттарды
Қос дөңгелек арбаға. Жолға керек ас-дəмді
Кілтші əйелдер қамдасын. Патшаларға лайық
 Бағамындағы Зевстің болсын тағам əдемі-ақ».
Жарқылдаған күймеге ырғып мінді Телемах.
490. Қатарына кеп тұрды Писистрат Нестордың,
Көсем ұлы – кенжесі, салтанатты кескіні,
Əлеуетті қолымен алды дағы тізгінді,
Ысқыртты кеп бишікті жүйріктердің жонына.
Зымырады сонда аттар түсіп сапар жолына.
495. Асыл шаһар Пилос та көзден таса болды енді.
Заулады аттар күн бойы, сыңғырлатып күйменің
Ықыршағын сілкілеп. Бір уақытта күн батып
Түнек басты маңайды. Жетті бұлар Феруге,
Ортилохтан Алфеймен туған ұлдың жеріне.
500. Диоклес атты сабаздың түсті келіп үйіне.
Қонақтарын қондырып, сыйлады ол сүйіне.
Атты жайлап жаңа таң түн түнектің ішінен
Жолаушылар қайтадан мініп асыл күймеге,
Шықты заулап қақпадан, қарап сұлу дүниеге.
505. Зымыратты аттарын келген бабы, күйіне.
Бидайлары жайқалған басып əсем биіне
Бір ойпатқа жетті де, тəмамдады жолды олар,
Белді аттардың күшімен келіп шыққан тезірек.
Күн батты да сол уақыт, қарауытты төңірек.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу