Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  85


Автор: Алмас Ахметбекұлы

ТУҒАН ЖЕРІМ – БАЛАЛЫҒЫМ

Отынан түнгі жасылдың
жаныма түскен секеммен,
айырылып бара жатырмын
осынау туған мекеннен.
Аттанып барам қиырға,
бұлқынады жас жүрегім.
Туған жеріңді қиюға,
Белбайлауыңда – бір өлім.
Айналып дала мұңына,
көлкіген сағым тарайды.
Алаңдап албырт ұлына,
тауларым ұзақ қарайды.
Сонау бір шетте мəңгіге
топырақтарын жамылып,
кешуі талай əңгіме
аруақтар қалды-ау қамығып.
Суылдағанда шилері,
азынай соққан желменен.
Əуені қандай мұңлы еді,
Өткенде неге сезбегем?!
Шақырсам сəби есімін
абайлап мына дүбірді,
желпінтіп шөкім кекілін,
балалық шағым жүгірді.
Алыстап мұнда қалам деп,
көңілге күдік сақтамай,
балалық шағым томпаңдап,
жете алмай келе жатқаны-ай!
Жаңбырым менің, бораным,
бастадың тағы соққалы.
Келгенше қашан оралып,
сендегі демім тоқтады.
Қымбаттым – сазым, талдарым,
өзенім, тауым, тастарым,
өзімде бардың бəр-бəрін,
бойыңа шашып тастадым.
Қарайсың түгел көзіме,
күдікті жанды жаралап,
балалық қалды өзіңде,
туған жер, саған аманат.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу