Өлеңдер ✍️
КӨҢІЛІНЕ ҚАРАДЫМ КӘРІ-ЖАСТЫҢ
Жақсылыққа ұмтылдым әу бастан-ақ,
Әлсіздерді жүрдім көп қорғаштап-ақ.
Бар қуатым сарқылды солар үшін,
Бойда қуат бар еді қол бастар-ақ!
Көңіліне қарадым кәрі-жастың,
Жазығына дән ектім жарымастың.
Өнбейтұғын ісіне көмек қылып,
Әлім құрып, құр босқа арып-аштым!
Қабағына қарадым әркімдердің,
Дүдәмалды жолдас қып ілкім-бердім.
Қалдырмайын көңілін деп қиналдым,
Осы мені қажытқан ауру, дертім.
Сол себепті тым ерте титықтадым,
Асар жерде екі асап, би шықпадым.
Өзім құлап жатсам да омақасып,
Сүрінгеннің қапасы тыншытпады.
Менсіз жолға аттанып алып кемем,
Ылғи жөнсіз жолымнан қалып келем.
Қайық тесік, қолымда сыңар ескек,
Арманыма алқынып, салып келем!
Қиын істен қирайды, талып денем,
Келем әлі осы бір қалыппенен.
Бірақ, бірақ, ең үлкен табысым сол
Жақсы көріп сыйлайды халық деген.
Тек жақсылық күтеді халық менен,
Халық сенсе қиналам, налып неден?
Бақыттымын шыңыма жетпесем де,
Бірге болсам болғаны халықпенен!
Талай қате жасадым, батып күнім,
Сүйреді алға өмірге ғашықтығым.
«Сүрінбейтін тұяқ жоқ» деген сөз бар,
Халық күдер үзбесе бақыттымын!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇