Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  231


Автор: Ұлықбек Есдәулет

МҮҢКІР-НӘҢКІР немесе МАҚШАРДАҒЫ ДИАЛОГ

«Ұлтына ұлтан болған байқұс, сорлы
Ұлықбек Есдәулетов қайтыс болды...
Ұжымақ па, тозақта ма орыны?» деп,
Ұшпақта әжептәуір айтыс болды:
— Пенде еді пайымдатар
Періштені...
Пәниден барар орны — пейіш тегі...
— Перідей пәтуасыз бір пәтшағар,
Парықсыз, тілінің бар теріскені...
— Шаруақор,
Шұғылданған адал іспен,
Шайқасқан шалдықпастан қара күшпен...
— Шайқақтап,
Шатып-бұтып,
Шатақ қуып,
Шайқы еді шайырмын деп шарап ішкен!
— Жан еді тәңір өзі ақын еткен,
Жаннат қой алар орны ақыреттен!
— Күнаһар,
Күпірі көп, кірпі мінез,
Кісәпір, қандай одан кәпір өткен?
Жүрген жан жолдас болып ібіліспен,
Жүзімнің жалап-жұқтап суын ішкен.
Жұмақты бүлдірмей ме ол ылаң салып,
Жаппасақ жаһаннамға мұны күшпен.
«Қарық деп қағанағы» қайтамысың,
«Сарық деп сағанағын» айтамысың?
Жығылған сәждеге емес,
Жыр жолына,
Жын қуып,
Жандандырған сайтан ісін.
Жаны тұр жаһаннамға ылайық боп,
Жазасын жаратқаннан сұрайық, — деп,
Жалаңдап Мүңкір-Нәңкір жеткен кезде,
Жатқанмын жер бетінен тырайып кеп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу