Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  105


Автор: Алмахан Мұхаметқалиқызы

О, ғашық әлем!

О, ғашық әлем!
Мен саған келiп тұрмын.
Ненi ұқпадым? Бiлмеймiн ненi ұқтырдың?
Мезгiлсiз есiгiңнен шығарып сап,
Мүлде басқа әлемге елiттiрдiң.
О, ғашық әлем!
Арбауына салдырма арай түннiң,
Мен әлi құштарлыққа жарайтынмын.
Жалғаны жоқ тәңірдiң сиқыры боп,
Сен болмасаң, онда мен қалай тудым?
О, ғашық әлем!
Мен саған ораламын.
Мен емеспiн көңiлде жоқ алаңы.
Өлi ұйқыны төсекке таңып қойып,
Саған сiңiп, нүкте боп жоғаламын.
О, ғашық әлем!
Мен саған келдiм налып,
Мылқау жүрек, мендегi келiн қалып,
Шамдардың жарығынан мұң төгiлдi,
Бiр тамшы көз жасыма шөлiм қанып.
О, ғашық әлем!
Мен емеспiн қалыбы салақ ойдың,
Тамыр жайған, көк шашқан қарағаймын.
Көңiлдiң көк құрағын желге ұрлатқан,
Көктемi жоқ күзгi өмiр қаламаймын.
Ғашық әлем!
Мен әлi баладаймын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу