Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  74


Автор: Жұматай Жақыпбаев

Ешкімді сүймей қашты...

Ешкімді сүймей қашты,
Сөз де оған түк өтпеген.
Өзіңмен түйдей жасты,
Қыз болды Жібек деген.
Өр еді ол қасымдағы
Алатау құздарындай.
Алтыншы ғасырдағы,
Арабтың қыздарындай.
Самалдай жүреді есіп,
Еріне қадам басып.
Шалдар да профессор
Жалбақтап амандасып...
Ақынның тәңірі кең,
Жырдан кім үркіп еді!
«Құданың әмірімен»,
Сол маған ынтық еді.
Қоймайтын тақсырласаң,
Қыл көпір өтетіндей,
Бір зачет тапсырмасам,
Жау шауып кететіндей...
Қандай жан! Таң қаламын,
Ондай боу қайда маған?!
Мендегі сәл ғана мұң, -
Теңіздей қайғы еді оған.
Мінімді кешті демде,
Тек сол қыз келісті, абат.
Сен жайлы ән естігенде,
Қалатын теріс қарап.
Қалап ем жалғыз бақты,
Оған да жар болмадым.
Екі-үш пұт балмұздақты,
Бір жедік бар болғаны...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу