Өлеңдер ✍️
КЕЛІП ҚАЛДЫМ, ЖАҢА ЖЫЛ!
Тағы саған келіп қалдым, жаңа жыл,
Біз ескінің соңы болсақ,
алды бол сен жаңаның.
Сағат тілін тоқтататын шама жоқ,
Қимай тұрмын кеткен күнді ана бір.
Қонақ болып келдім бе өзі мен саған,
Сенсің бе,əлде, көптен күткен қонағым?
Əрбір күнің болсын сенің бағалы,
Мен де, əрине, ұнатамын жаңаны.
Жарық болсаң, нұрланта бер қаланы,
Қарық қылсаң, қиналтпа тек даланы.
Келген болсаң – күлдіріп кел баланы,
Сенген болсаң – жылатпай кел ананы.
Жаңа күннен күтетінім бақ қана,
Ешкімнің де ала жібін аттама.
Ізім жатыр жаңа жауған ақ қарда
Жазудайын енді жазған тақтаға.
Ақ көңілді қараймасын деп тіле,
Қара күйе тез жұғады мақтаға.
Жаңа ғасыр тиеп алған жаңалық
Аяғыма жатыр енді оралып.
Өткен күннен қалған қымбат затым көп
Жыл келгенде қалмасын тек тоналып,
Көне көздер айтып кеткен лебіздер
Қармен бірге кетпесінші жоғалып.
Ақ үмітпен келіп тұрмын мен саған,
Қарсы ал мені!
Сөйлесейік қол алып!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇