Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  83


Автор: Ақылбек Шаяхмет

БЕС ТҮП АҒАШ

Бес түп ағаш алдында есігімнің
Тұрушы еді.
Болды екен өші кімнің?
Қырқылыпты.
Айтатын шешем жиі
Көлеңкеде тұрғанын бесігімнің.
Көшкен үйдің орнында жұрты қалып,
Əлдекімдер кетіпті құртып анық.
Отқа жағып тастапты сонау жылдар,
Арам ниет біреулер қырқып алып.
Көп болды ғой сол жерге бармағалы,
Көңіл-кептер жүр көкте самғап əлі.
Бес түп ағаш!
Сендерге көрінуге
Туып-өскен перзентің арланады.
Бірақ, өмір емес қой түгесілген,
Мың-мың алғыс халқыма гүл өсірген.
Бүгін онда жасыл бақ жайқалып тұр,
Бес түп ағаш!
Айналдым бұл есімнен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу