Өлеңдер ✍️
ЕРЛЕР РУХЫ ҚОЛДАСЫН!
Кеткен керуен, өшкен іздер, көшкен құм...
Асыл арман көкейлерді тескен күн.
Долы дауыл, қызыл қырғын, абақты,
Арасында азап сапар кешкенмін.
Тікенек сым, қарлыққан үн, қара нан...
Қара төбет қарайғанды талаған,
О, Жаратқан!
Жатқа бермес қорлықты,
Бұдан былай көрмесе екен жан адам.
Қан жылаған қаршадай қыз, үзім нан...
Қара шаңырақ, əппақ қымыз, қызыл қан.
Халқымыздың тар жол, тайғақ өткелі
Арыстардың тағдыры ма сызылған?!
Оның бəрін қалай, қайтып жасырам,
Балық-дағы шірімей ме басынан?
Ұлтарақтай жаншып өткен табандар,
Ұлт ұйтқысын айрандай боп ашыған.
Жендеттердің жең ұшынан жалғасқан,
Желкелерін қиды уақыт-алдаспан.
Ұлттың туы, өлмес рухы, ұйтқысы,
Ахаң, Жақаң, Елдестердей марқасқам.
Қайрат-күшін жанып алған намысқа,
Алаш аты кетті бүгін алысқа.
Көштен қалмай келе жатқан көшпенді,
Қазақ енді көшіп барды ғарышқа.
Əуелі Алла, əулие-əмбие қолдасын,
Қайда жүрсең, Қыдыр болсын жолдасың.
Ерлер рухы елеңдетіп елімді,
Ел бірлігін, берекесін қорғасын!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇