Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  232


Автор: Бекен Әбдіразақов

Ерлік деген қан майданнан

Ерлік деген қан майданнан
Өзге жерде сенгісіз.
Туатыны қандай жаннан
Дәл мен үшін белгісіз.
Құмарбекке күдікпенен
Көңілім де тоймаймын,
Достарыма біліп келем,
Деген сертті ойлаймын.
Жылап-сықтап жеңгелерім
Кезек берер түрі жоқ.
Жарылардай мен дегенің
Әлі отырмын сірі боп.
Тұмарбектің жайын сұрап
Шымырлады жүрегі.
Көкейдегі дайын сұрақ
Алқымға кеп тірелді.
–Тұмаш көкем медаль апты,
Ерлігі үшін жасаған.
–Іштеріңде қалай жатты,
Шіркіндер-ау, мә, саған!
Құмарбектің солғын өңі
Шырайланып кеткендей.
Қызық, шаттық мол күндері
Бір айналып жеткендей.
–Бірақ, ауыр жараланып
Госпитальға түсіпті.
– Келем деген хабары анық,
Бір аяғы ісіпті.
Қуаныштан қосарлана
Сөз бермейді қос жеңгем.
Дауыстары бос арбаға
Ұқсап тұр-ау көшке ерген.
Ұнатпаймын екеуін де,
Сұрақ деген тұр дайын.
Ол екеуі кетерінде,
Таптым қатқан ыңғайын.
Көкеме айтар сырым бар деп
Қалып қойдым қасында
–Айтшы, көке, шынын дәл тек,
Батырсың ба, расында?
Басын шайқап күлді Құмаң:
–Кім айтты оны өзіңе?
Тура кеттім шындығынан.
–Ә, доктордың сөзі де!
Кеуде жара күрсінді де:
–Мен майданға бармадым,
Енді мынау құр сүлдеме
Жеткізбейді арманым...
Құмекеңді аядым да,
Зытып бердім іркілмей,
Жігіт еді-ау баяғыда,
Бар тіршілік– бір күндей!
Кейін білдім адамдардан
Босқа ақпаған жас қаны.
Зор апаттан аман қалған
Қару-жарақ составы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу