Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  129


Автор: Ерлан Рымбек

Өлең- менің ақ шыңым

Өлең шіркін сағат сайын тербеліп,
Жылытты ғой жас жаныма өң беріп.
Асыл әкем, аяулы анам барында
Біз өмірден еш жамандық көрмедік.
Талай-талай жүріп өмір шөлімен
Алыстым ғой ажал деген бөрімен.
Кейінгі жас ұрпаққа із қалса деп
Жырларым аманат боп өрілген.
Оңашада әлдилеп арман жырын,
Сездім сезім өлең боп жанғандығын.
Құстар келсе көктемнің самалымен,
Бу боп ұшып кетердей жалған күнім.
Өлең - менің қасиетім, биігім,
Көрмесем болды оның күйігін.
Мен де самғап бір мүшесі болайын
Ақындардың түнеп шыққан үйінің.
Кеудем кейде құса-мұңға толады
Бір ауыз сөз қалдырмасам даналы.
Өнер қуып жүрсем де от-жалында,
Өңешімде тас жұтқандай болады.
Ел алдында жатпаймын көп ақталып,
Өткен күннің парақтарын ақтарып.
Жұмыр жерді қанша басып өтсем де,
Өз өмірім өзімде тұр жатталып.
Бал арадай қонсам да ұшып баққа мың,
Өз қамымды өзім ойлап жатпадым.
Ішінде өсіп-өніп қазағымның,
Ел тағдырын жазып қойған тақтамын




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу