Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  207


Автор: Сəбит Бексейіт

Күнкөріс

Бар болса егер сүйеушiң мен қолдаушың,
Дәулетiң де, нәсiбiң де молдау шын.
Баста – бағың, тақымыңда – тағың бар,
Қимылың шалт, iсiң мығым, зор даусың.
Отызыңда орда бұзып жайраңдап,
Қырыққа кеп қамал алып сайрандап,
Еркiн басып жалпағынан жалғанды,
Серкесiнiп жүресiң сен тайраңдап.
Жақсы менен жайсаңға әзiр дәм-асың,
Жақын-жуық, дос-жаранға панасың.
Көк шалғынның ортасында дарақсың,
Көп малғұнның ортасында «данасың».
Ентелесе, саласың сен қыл бұрау,
Сөзден қалып, жолдан қалып ел жүр-ау.
Сен сөйлейсiң аузың сасық болса да,
Сен – көсемсiң, сен – шешенсiң, сен – жырау.
Бейшарасың, болмаса бiр демеушiң,
Мүсәпiрсiң, болмаса бiр жебеушiң.
Жақсы болар күнi сирек халiңнiң,
Мезi етесiң болып алып бебеушiл.
Қалт-құлт етiп қалтқысындай қармақтың,
Қорек емес, ауа қармап зар қақтың.
Iсiң зая, талпынысың тәрк болып,
Ертелi-кеш тiстейсiң кеп бармақты.
Көзге iлмейдi, мейлiң жүктi өңгерiс,
Әмiршiңмен мейлiң барып жүз көрiс.
Көрген күнiң күн емес қой, о бейбақ,
Тiрлiгiң де, мақсатың да – КҮНКӨРIС.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу