Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  81


Автор: Дәуітәлі Стамбекұлы

Түс

Неге шошып ояндым?
Түсінбедім.
Дегенменен біртүрлі түсім менің.
Тағы кеттім ұйқыға...
...Тоқта, тоқта
Қайда ұшып барасың,
Құсым менің?
Тарқатқанда қап-қара шаштарыңды,
Бұлттандырып жіберді аспанымды.
Тастап кетіп барасың қайда, аяулым,
Гүлге толған құшағы,
Достарыңды?
Бір гүліндей тербеткен далаңды да,
Маңдайыңнан сипаған самалды да,
Тастап кетіп барасың
Етегіңе
Жармасып бір
Жылаған анаңды да.
Жіп-жіңішке үміт пен арманды да,
Гүлдерді де,
Тік тұрған талдарды да,
Көзін жасқа толтырған шындықта да,
Өзіңді алдап,
Арбаған жалғанды да.
Әлде тағдыр
Еркіңе көнбеді ме?
Тірілгенім,
Өшкенім,
Өлгеніме,
Қарамай-ақ
Қиямет отын жағып
Тастап кетіп барасың
Сен мені де.
Қалжыраймын,
Шаршаймын,
Тістенемін,
Не көрмедім сен үшін
Не істемедім?
Мен өзіңнен алыстай түскен сайын
Қорқынышты осындай түс көремін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу