Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  109


Автор: Нүсіпбай Әбдірахым

Көгілдір көктем - сағыныш

Қалған соң ба екен жырақ тым,
Секілді сол кез шуақты.
Сонау бір бала кезімде
Көгілдір түсті ұнаттым.
Ұнаттым гүлді қыратты,
Ұнаттым балғын құрақты.
Армандай түстен алушы ем
Алапат қажыр-қуатты.
Керемет сол бір күндерім
Көрген түс қана сияқты...
Көгілдір дүние жан жағым,
Көгілдір көкке самғадым.
Сезімнің сиқыр күшімен
Сезілмейтіндей-ді салмағым.
Аңсаумен атып таңдарым,
Алаулап сонда жанғамын.
Қинайтын еді қараңғы
Түндерде келіп мазалап
Аспанкөз ару– арманым.
Тіледім тіпті бұлттан да
Көгілдір тамшы тамғанын.
Зымыран құсы уақыттың
Табандап тоқтап қалғанын.
Жеткізбей қойдың сен, бірақ
Көгілдір менің тауларым,
Күмбірге толы бауларым.
Сылдырлап жатқан балбұлақ
Кәусарыңа да қанбадым.
Күйсандық– тамшы көп күткен
Кеудеме келіп тамбадың.
Көгілдір әлем,
Рахмет,
Кереметтей бір алдадың!
Армандай күндер, сағым ба ең,
Күйдірер қызыл шоқсың ба?
Талпынттың неге шыққын деп
Әлемде ешбір болмаған
Қиялмен көрген жоқ шыңға?
Білемін, білем, сен талай
Куәсің мұндай от сырға.
Сонда да айтшы- сол ұлды
Жоғалтқан кезде шынымен
Жабырқап қалған жоқсың ба?
Қууды қойып сағымды,
От күйден бүгін арылдым.
Тәтті шақ өтіп кеткен соң
Қатты шақ келді,
Ауырдым!
Салмағын сездім ауырдың,
Екпінін сездім дауылдың.
Арқырай шапқан арманның
Айғырын кейін қайырдым.
Жабырқап қалған жаныма
Жаутаңдап жетті жауыр– мұң,
Қайтейін, тағы ауырдым.
Көгілдір күндер- көктемдер,
Тербеткен анам– көк пен жер.
Ұлыңның әппақ тілегі
Мәңгілік гүлдеп, көктеңдер.
Көңілден ұшқан кептердей,
Үзіліп кеткен шектердей
Қиылып сендер кетпеңдер.
Өзіңе ғашық бір балаң
Сарыарқа салқар сезімін
Суытып алды, сөкпеңдер.
Алқымға жыр боп кептелген,
Таусылмас мұңым боп келген.
Сыймаған жалпақ жаһанға
Өзіммен ғана шектелген.
Жібімей қойған қара тас,
Ашылмай қалған бет пердең,
Керемет түсім, сонда да
Сонда да сені жек көрмен!
Жаңбыр боп төгіп жаусаң да,
Бұлт болып желмен аусаң да,
Бақытқа қолың жетсе де,
Түссе де басың дау-шарға.
Басқаға құшақ жайсаң да,
Мың рет сөзден тайсаң да,
Айналсаң-дағы лайсаңға.
Жек көрмен: “тәубе, тәубе!” деп
Жадырап жүрем майсаңда.
Күндер-ай, күндер көгілдір,
Көңілдің жырын төгілдір.
Жайна да жасар, тіршілік,
Жастықпен сенің тегің бір.
Самал жел, соқ та сұрланған
Уайымның бұлтын шегіндір.
Сағынып сені көңіл жүр,
Сен сола көрме, өмір – гүл!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу