Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  135


Автор: Аманхан Əлімұлы

Аянға

Құдіреті болғасын сағынарлық,
Биыл балам ауылға тағы бардық.
Желіменен ойнағын желең, Қарғам,
Құйын қылық көрсеткін қағынарлық.
Қағынарлық дегенім еркелегін,
Туған жердің иітіп бөрте белін.
Сырдария сылдырап болар-болмас,
Сал сағыныш дертімнің шертеді емін.
Аян, сосын қасымда жаз-көбелек,
Жүрміз Сырдың жағасын сазға бөлеп.
Айбектің қайқы төс қайығында,
Суға кете үшеуіміз жаздаған ек.
Жайлап алмай көңілді күмəн келіп,
Қырғауылын жез мойын құман делік.
Күлгін жалы күмістей күлтеленіп,
Жер бауырлап барады тұман желіп.
Ымырт ауған... Жел демі қайтады ызба,
Тамып кете жаздап тұр Ай тамызда.
Жардан қайтқан жаңғырық сияқтанып,
Шыныменен қалаға қайтамыз ба?
Көрінбейді жар шеті қабақ талдан,
Шелек шолп-шолп етеді шабақ толған.
Ауыл... тоғай... содан соң алыстағы Ай,
Ине-жіппіз, мысалы, сабақталған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу