Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  103


Автор: Аманхан Əлімұлы

Аңсау

Мен кеттiм басқа қызға үйлендiм де,
Сен қалдың өзгешелеу күйге ендiң де.
Есiмде ұзақ бiр түн омырауыңдағы,
Қойғаны ағытылмай түймең мүлде.
Қымталып сақталатын қыр асындай,
Сонда бiр қалған едi сыр ашылмай.
Саласың қай-қайдағы жайларды еске,
Төбеде төңкерiлiп тұрасыңда Ай.
Сен менi бастың деме ескi жырға,
Жамырап лағымен ешкi қырда, –
Күн сонда батқан едi оттай болып,
Малынтып көкжиектi кешкi нұрға.
Көрiнген мен мұндалап бақпа тұстан,
Со кезде ұқсап тұрған отқа нұсқаң.
Сан-саққа қашқан мендiк ойлар болса,
Үргедек үйректердей топтап ұшқан.
Сездiрмей Ай қабағын қызға баққан,
Бұлтқа сiңе қашқан түздi алаптан.
Сондағы көңiл күйдi қайда қоям,
Көздей бiр тасты жара сыздап аққан.
Жанымның жалқы ұшқан қасқалдағы,
Бүгiнде өзге жанның ашқан бағы.
...Қалайша ұмыта алам айтшы оны,
Ай болып туып тұрса аспандағы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу