Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  133


Автор: Аманхан Əлімұлы

Қаншама қабақ шытып қараса да...

Қаншама қабақ шытып қараса да,
Бұзылмас бұла көңіл арасы, аға.
О кезде ол да ерке, мен де ерке,
Қосылса екі ерке жарасады, ə?!
Басылып кей кездері қораң құмға,
Көз шайды ұласатын сораң мұңға.
Шибөрі ұли-тұғын ішін тартып,
Ілініп Ай тұратын тораңғылға.
Не жетсін шіркін албырт жасты ұққанға,
Күрең тай көңіл көзсіз бастыққан ба?..
Аунаған ақ қауданға түлкіше ойнап,
Құшақты құланиек аштық таңға.
Келтіріп көрер көзге аштың кейпін,
Жағаны жалмауыздай тасқын жейтін.
О кезде ол да асау, мен де асау,
Ақ жалды дария да бас білмейтін.
Айтты не, айтпады не жақ талдырып,
Бойымды ерекше бір шаққа алдырып, –
Сүйгенмін оны жардың жағасында,
Жүзінде түйнемедей дақ қалдырып.
Бұ кезде күндер қалып өліп-өшкен,
Алады анда-санда желігі естен.
Сарғайған сағыныштай сағым орап,
Жастықтың жұрты жатыр, елі көшкен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу