Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  190


Автор: Аманхан Əлімұлы

Дала

Жел өтінде желбегейлеу тұрдым да,
Берілдім мен жан түсінбес бір мұңға.
Таң шуағын сіңіреді бойына,
Күнге арқасын беріп жатып қыр мұнда.
Таппай-тұғын жанға сая ерке елік,
Шаңқай түсте тұрады ауа өртеніп.
Ей, бозторғай, далалықпыз екеуміз,
Енді бірге сол жайлы сыр шертелік.
Жанымыздың лайланған тұнбасын,
Қапа көңіл тазарта алмас мұң басым.
Тұр ілініп ақселеуге таңғы шық,
Сығып-сығып алғандай ма, түн жасын?!
Жошы атының жорықтағы ізі ме,
Терең бір дақ түсіп қапты жүзіңе.
Сұлдыр сұлық жатыр дала көңілсіз,
Табиғаттың ұрынғандай күзіне.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу