Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  110


Автор: Аманхан Əлімұлы

Түнгі көңіл

Шашақты күн шалдығып қыр астың да,
Сылбыр түнге сыр басты ұластың ба?
Жанып шыққан күнімен сексеуілден,
Жылтырайды шоқ қана күл астында.
Мысық көз Ай сұп-суық сұйық нұрды,
Жатаған тамға əйнектен құйып тұрды.
Қамықпа қараңғылық бөлме кезген,
Алғандай құпия бір жиып сырды.
Қараймын қарайғанға нала көзбен,
Желпініп желең желдей дала кезген, –
Жүргенді жаяу-жалқы ұнатушы ем,
Құлындай құлдыраған бала кезден.
Қарамас қыс-жазыңа кезім еді,
Өмірдің өткені о бір сезіледі.
Шақпа шоқ шырт-шырт етіп жарылады,
Білмеймін қашан көңіл көз іледі.
Бір-ақ рет берілер елге өтімді,
Ей, тірлік, жасырасың келбетіңді.
Күткендей əлде кімді алыс жолдан,
Жатырмын құлақ түріп желге түнгі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу