Өлеңдер ✍️
Сүйесің бе деп сұраймын мен сенен...
Сүйесің бе деп сұраймын мен сенен,
сүйгеніңе жылдар өтіп кетсе де.
Көзім жетпей жүрген жандай теңселем,
теңселуім, әлдеқашан жетсе де.
Бір өмірді бастап едік өлеңдей,
сенім деген бар емес пе! Ол қайда!
Шетсіз-шексіз жатқан мына әлемдей,
қызғаныштың шегі де әлде болмай ма!!
Көк тіреген көтеріңкі еңсемен,
Жүрсем дағы, қойғаннан соң аңсатып,
сүйесің бе, деп сұраймын мен сенен,
тұрғанымды білсем дағы шаршатып.
«Сенсің маған өмір берген енші тек,
көтертпей-ақ қойсын күндер күнәсін.
Сүйем, жаным, сүйем сені, сенші деп»
алқынумен абыржып бір тынасың.
Қинау көрдің сол сұрақсыз өтпей күн,
от боп өртеп, аяз боп та қарыдым.
Бұл бір азап болды ғой деп бітпейтін,
азалана көрмеші тек, жарығым.
Жаным менің жұбанышты мол сезді,
дерсің кейде талабы осы қай талап.
Сүйем деген жалғыз ауыз сол сөзді,
күнде таңғы орындалар гимндей,
тұру керек шығар бәлкім қайталап.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇