Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  92


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Жүректер бар

Жүректер бар жүрек əйтеуір тұлғадан,
Соғады əрең құр сүлдері тынбаған.
Жүректер бар ұшан-теңіз сезіммен,
Асып-тасып өзендердей тулаған.
Жүректер бар күйе болып қарайған,
Жұда болып жылуменен арайдан.
Жүректер бар құнарлы жер сияқты,
Бығып жатқан талай маңыз, талай мəн.
Жүректер бар қаны судай сұйылған,
Сұмдық артық оған еткен сыйыңнан.
Жүректер бар таң сəулесі секілді,
Меңдеп жүрсең қуат болып құйылған.
Жүректер бар уға толған бүйідей,
Жыбырлайды шағатыны білінбей.
Жүректер бар сезімдері тап-таза,
Мөлдіреген екі көздің біріндей.
Жүректер бар қанағатсыз тоймаған,
Түк тамбайды тіленсеңде ойға онан.
Жүректер бар жалын шашып демінен,
Ой көгінде нажағайы ойнаған.
Жүректер бар мордай тұтап бықсыған,
Тарап жатыр маңға тат пен ыс мұнан.
Жүректер бар елін, жерін құшақтап,
Мына əлемде үлкен-үлкен іс қылған.
Жүректер бар беріш болған, мұз болған,
Жапырақсыз қалған құдды күзгі орман.
Жүректер бар жылуы мен нұрымен,
Соңғыларға жарқыраған із болған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу