Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  237


Автор: Фариза Оңғарсынова

Мен де солдат болар ем...

Жауынгер боп Асқар ағам
өткен жылы кетіп еді.
Суретінде хатқа салған
шаттық толы көкірегі.
«Барады елден жеке мүлде,
не күтіп тұр жырақта алдан?» –
Əжем Асқар кетерінде
осылай деп жылап қалған.
«Тыныштықта жаман ырым
бастама, – деп ұрысты атам, –
ел қорғауға барады ұлың,
жоқ па одан да дұрыс батаң?!»
Көз алмадық бəріміз де,
киімі де қатқан қандай!
Күлімдеп тұр, əне, бізге
солдатпын деп мақтанғандай.
Атам айтты: «Асқаржаным,
солдат бопсың, жарадың!» – деп.
«Жоқ, – дейді əжем, – басқа арманым
аман жүрсе қарағым», – деп.
Апам орны басқа, бірақ
қуанды іштей о да керім.
Өссем екен шапшаңырақ,
мен де солдат болар едім...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу