Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  328


Автор: Фариза Оңғарсынова

Бұқар жыраудың Абылайға айтқаны

Ей, Абылай – бас ханым!
Бас болсаң да аспағын.
Алыс пен жақын жерлердің
кəрі мен жасын, асқағын
айбарыңменен жасқадың.
Ақ өреге сені көтерген,
сен түшкірсең – ол жөтелген
халықтың мынау көбесін
қақыратып тұр таспа-мұң.
Қазақтың небір асқары
қолдасаң – елге бас бəрі –
шідерлеп қойдың сайратпай,
қоршалап өңкей жайдақ тай
тірсектен шайнап жасқады.
Қаһарыңды төгіп төнесің,
кісі емес, күшік көресің
Шыңғыс тұқымынан басқаны.
Бұл күнде саған кекті елің,
бейбастақ батыр, бектерің
шашу қып елдің дəулетін
көрмейсің тасып кеткенін,
шуылдақтарыңды шектегін!
Шыңғыс бабаңның əулетін
қақпастай ешбір жан бетін
қазақты халық ететін
қаймағы сол ғой деп пе едің?!
Алдыңа шықпай еш пендең
семсер сұсыңнан сескенген.
Халықтың жады жоғалмас
Бұқардың басын кескенмен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу