Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  444


Автор: Фариза Оңғарсынова

Теңеулер

Мағына бар киіз үйдің сəулетінде
(көрінгенмен өң-əрсіз əлдекімге).
Түндігінен аспанға бір-ақ самғап
шарықтайды күйлер де, əн де түнде.
Керегесі астасып қара жермен,
қара құйын алса да жаға, жеңнен
тапжылмайтын халықтай, мықтылығы
қамалдарға ұқсайды дала керген.
Сап түзейді уықтар сынға қыңбай,
ажырамас, жарылмас Күн жарылмай
мезгіл-шаңға бастырмай, халқы аялап
төбесіне көтерген ұлдарындай.
Шаңырақ пен уықтың мықтылығы –
керегенің бақыты, құт тұғыры;
дауыл соқсын түнімен – үй-əлемнің
түндігінен тағы да шықты күні!
Дөп-дөңгелек əлемдей мұнда бəрі,
желбаулары бұрымдай ырғалады.
Бұрыштар жоқ тұйыққа тірейтіндей.
Жер мен Аспан.
Жүректе – құндақ əні.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу