Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  301


Автор: Фариза Оңғарсынова

Ұрлық

Жүрегімді
тəтті қиял, арманмен үлпілдеген,
сағынышым, ойым мен күлкім, денем –
бəрін алып қойдың сен, енді сенсіз
жүре алатын емеспін бір күн де мен.
Тəкаппарлау жалт еткен
көзімдегі ойнақы мысқылымды,
тиген жерін өртейтін ыстығымды
жұрдай еттің. Құдай-ау, қайда кеткен
менменшілдеу бойдағы күш бұрынғы?!
Жаным елтіп шырқайтын таңдағы əнім,
жетелейтін ой-қырға арман-ағын –
бар асылым өзіңмен бір болғасын,
есі-дертім сен болып сандаламын,
ойлашы өзің – басқа енді бар ма амалым?
Мен өзіңнің алдыңда
əлсіреймін бойымда дым күш қалмай,
ойлайсың ба – бұл ісің қылмыс қандай:
мені тонап келесің жалғыз өзің
дүниені жаулаған Шыңғыс хандай!
Қарақшыдай
ауыл сыртын жүретін торып талай,
мені еркіммен ұрладың жорықта жай.
Тілейтінім – өмірде енді маған
сенен басқа «ұры» адам жолықпағай!
* * *
Мен оның құшағында,
ол сенің құшағыңда –
алдаймыз өзімізді жəне ... ол байғұстарды;
Біз бұлай азаптап ек қай дұшпанды?!
Мен оны сен деп құштым, сен оны мен деп құштың:
арпалыс. Жүректер мұз. Денені, оны алдайсың.
... Ал, астан жерінгенмен, аштықтан өле алмайсың!
* * *
Тынбайды жүрек алқынып,
келгендей маған жалқы жұт.
Қай жаққа барып жай табам,
назымды кімге айта алам?
Шағала көңіл шарқ ұрып,
іздейді сені қайтадан.
Найзағай-ашу ноқталап,
булығып жаттым мен бес күн,
қажеті жоқтай енді ешкім,
жанары – тылсым, от қабақ
жасынмен жалғыз белдестім.
Айналып түссін аспаным –
көрмеймін енді деп сені,
көзімді аштырмай кек селі,
тулайды тəнде жас қаным,
жалынды жалғыз кешкелі.
Көміліп жаттым жас, мұңға,
сезбеймін – түс пе, кеш пе еді...
самал боп үміт еспеді,
қайықтай жойқын тасқында
быт-шыт боп қалған ескегі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу