Өлеңдер ✍️
БАЙМАҒАМБЕТ ЖАҚИЯНЫ ҰСТАП БЕРГЕНДЕ
Баймағамбет сұлтаным!
Жыртысыңды сенің қалай жыртамын.
Исатайдың баласы
Арыстаның болмаса,
Емес еді ұлтаның.
Жақияны ұстап беріп не еткенің,
Кәне, содан мұратыңа жеткенің?
Ұстап егер бермесең,
Шықпай, өспей қала ма,
Қара жерге еккенің.
Айдарымнан жел еседі деймісің,
Егеулі найза ерлерден
Ада болса текті елің.
Елің азап шексе егер,
Сенің де азап шеккенің.
Жақияны қолдан ұстап бергенің –
Сары орысқа иманыңдай сенгенің.
Сұлтан деген атың ғана
Жалған емес кәпірдің
Жансызы боп келгенің.
Қарыныңды жарғандай,
Тау-тасыңды ақтарған –
Сары орыстың қолында
Балта болдың сапталған.
Жағаң құндыз болғанмен,
Қызыл қанмен қақтанған.
Тұтқындалған Жақия –
Ар-намысың сенің де
Аяқ асты тапталған.
Арамзасың, Бай-еке,
Сырт пішіні адамның
Терісімен қапталған.
Қыңқ етпейтін ет кессе де етінен,
Асыл ерді жел қақпаған бетінен.
Түгесуге айналдың,
Ұстап беріп шетінен.
Күн кешсең де толғанбай,
Күн кешпессің қорғанбай.
Сорламасын жұрт неге,
Билік құрса сен секілді сормаңдай.
Елің сенің –
Емендері кесілген
Селдіреген ормандай.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇