Өлеңдер ✍️
БЕТПЕ-БЕТ
«Оңашада ойларын тыным еткен,
Бiздейлердiң мыңы кеп, мыңы кеткен…»
М.Мақатаев
***
Ғасырыңның кеудесi – мың батпан үн,
құлақ түрiп, байқашы, тыңдап бәрiн.
Жыр-семсердi көтерер кезең келдi,
сақтау үшiн халқыңның құндақ, тағын…
Күнiң үшiн керек бұл, жерiң үшiн,
көлiң үшiн керек бұл, елiң үшiн.
Ай астында ақиқат айқай салар,
арманы үшiн, адамның сенiмi үшiн.
Санаң үшiн керек бұл, далаң үшiн,
Анаң үшiн керек бұл, балаң үшiн,
заман үшiн керек бiр ерен сезiм
ақындардың суғарар қаламұшын.
Гүл қауызын…
Ұшырмай терек бүрiн,
өзгертпесiн десеңiз жер екпiнiн –
бар әлемдiк сойқанға айбаттанып,
қайраттанып ұмтылар керек бiр Үн.
Бүрiп-бүрiп өтердей жүрек тұсын,
айдай мына ғаламды жыр ет, Күшiм!
Жағаласып сұрқия сұмдықтардың
күрес керек қағатын күрек тiсiн!
Қалқу үшiн аспанда жиi құстар,
шалқу үшiн құрлықтар, қиылыстар,
Жыр-семсердi көтерер дәуiр келдi,
Әдiлеттi арыңдай биiк ұстар…
наурыз, 1981 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇