Өлеңдер ✍️

  19.03.2022
  119


Автор: Тортай Сәдуақас

ҰРПАҚПЕН БІРГЕ ЖАСАЙДЫ

Ажар апаның рухына
Жетеді қиындықсыз мұратқа кім,
Тағдырдың көрдің талай сын, аптабын;
Өмірден өтсе де ерте отағасың,
Киелі шаңырақты құлатпадың!
Басыңнан кешкен дәуір бәрі де ойда,
Дәулет те, болған құрмет, абырой да:
Ұрпаққа өсиет пен өнеге айтқан,
Көңілің – алтын сандық, сырлы қойма!
Қалсаң да ерте айрылып арысыңнан,
Киесіз ұлыларға дәм ұсынған:
Қабыл боп ақ тілегің, ұлы жолда
Ұлыңның жері жоқ қой сағы сынған.
Ұсынып патшаларға ақ дәміңді,
Ел-жұртқа ақ тілегің ақтарылды:
Әкенің өсиетін аманат қып,
Жеткіздің мақсатына баққан ұлды!
Атаның жалғастырып салтын әрі,
Сыйлайды ол жақсылығын халқына әлі:
Маңдайы ашық болып маңғаз ұлдың,
Жұлдызы шын биіктен жарқырады!
Жан едің көпті көрген сүйегі асыл,
Сырласқан құрдасыңдай мына ғасыр:
Тәуелсіз Отаныңа тілеуқор боп,
Той қылған елді көрдің ұлан-асыр!..
Шерткендей бай ғұмырың жұртыңа сыр,
Жебей жүр, жамандықтың бұлтын асыр;
Өмірден өтсең де өзің, әз бейнең мен,
Ұрпақпен бірге жасар рухың асыл!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу