Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  201


Автор: Тортай Сәдуақас

ӘНШІ САЗЫ

Бисара Мәкеноваға
Қаққанда Сексен көлден саз қанатын,
Сұлудай сиқырланып назданатын;
Ыбырай, Ақан, Бiржан дәстүрiнен,
Айнымас айтқан әншi, жазған ақын.
Қаққанда Сарыарқада ән қанатын,
Аз ба адам тамсанатын, таңданатын;
Бұлбұлдай Бисара ару сайрағанда, –
Асырған асыл өнер салтанатын!
Ажал сұм кәрiн төгiп қанды ұртынан,
Айырған кезде тән мен жанды ырқынан:
Бисара шырқай салса «Үшқараны», –
Ұшып тұра келер ме ем мәңгi ұйқыдан!
Ажалдың жастығынан тұрар ма едiм,
Осы әнге жаным неге құмар менiң?
Халықтың рухын шыңдар халық әнi, –
Ананың ақ сүтiндей құнарлы едiң!
Сызылтып сал әнiңе, сайра, құрбым,
Келетiн қайта айналып қайда бұл күн?
Жүректi тебiрентiп «Темiртаспен»,
Байлығын баршаға жай Байғабылдың!
 Сарқылмай ән арнасы, күй сағасы,
Адамның мың серпiлсiн ми, санасы;
Баурасын сұлу сазбен бұл ғаламды, –
Қазақтың бұлбұл құсы – Бисарасы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу