Өлеңдер ✍️

  14.03.2022
  761


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҰЛЫМ МЕНІҢ

Көкірегімде жатқасын қайнап арман,
Күнге барғам оны ертіп, Айға барғам.
Өйткені ұлым –
Намыстың шарығына
Қайрап алған семсерім,
Қайрап алған.
Жаралғасын қазына – көмбесінен,
Іздеймін деп мұрамды жер төсінен,
Асығып жүр ол қазір жүйткітуге
Қаңтарылған тұлпарды кермесінен.
Ол сөйлесе ойым да тереңдейді,
Алабұртып көңілім елеңдейді.
Қарамайды түріне,
Өскен кезде
Алматыдай қала сап берем дейді.
Бұған менің жүрегім елеңдейді,
Көз алдымда сан сурет көлеңдейді.
Қарамайды күшіне,
Үлкейген соң
Бақ орнатып тағы да берем дейді.
 Ұлым менің осындай –
Көп бөседі,
Құлын көңіл сол шақта көкке өседі.
Тірі болсын әйтеуір,
Өсе берсін,
Бөсе берсін,
Әзірге жоқ кеселі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу