Өлеңдер ✍️

  14.03.2022
  214


Автор: Рафаэль Ниязбек

КЕЛ, ДОСТАР!

Өздерің сақадай-сай іріктеліп,
Көңілдің туырлығын түріп беріп.
Төрімде отырсаңдар жараспай ма,
Сұраусыз ақ ордама кіріп келіп.
Орынсыз өкпе-назды артып, теріп,
Кей досым кетті үйімнен, шалқып келіп.
Шарапты шарасында шайқатылған
Бас жеуден жүрсіңдер ме артық көріп.
Ақындарың емес пе ем жыр құраған,
Келіңдер көңілмен де бұрқыраған.
Жатайық сосын, достар, толқын құсап
Теңіздің жағалауын ұрғылаған.
***
Қайта жағып алтын нұрлы шырағын,
Көңілімде тулап жатыр бір ағын.
Алып-ұшып теңіздерге жол тартқан
Осы болар –
Менің асау бұлағым.
 Қайда салсаң
Саған жол ғой жер біткен,
Шын қатерге басын жалғыз ер тіккен.
Бермесін тек хас тұлпардың тағдырын
Жол үстінде мертіккен.
Жақсылықтың бәрін алып негізге
Баста өмірге,
Жетелеме көне ізге.
Өр ағысты бұлақ болсаң...
Күні ертең
Қосылмауың мүмкін емес теңізге.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу