Өлеңдер ✍️
ХИКАЯ
Жас жаны шын қамалып тұрса мұңда,
Қайтеді өзін сілтеп ұрса ағынға...
Сол ана ішін жарып өлер ме еді,
Білгенде кім жатқанын құрсағында.
Білмеді құрсағында кім жатқанын,
Әлемнің естіді тек тіл қатқанын.
Ол сезді толғақ қысып қиналғанда
Жанардан құлап барып күн батқанын.
Шар етіп кенет сәби түсті жерге,
Жиғандай қара жойқын күшті белге.
Асқар тау аунап түсіп ыңырсыды,
Даланың айналғандай үсті көрге.
Ұл туды енді ананың тілегі не?
Жылан боп оралды ма білегіне.
Сәбидің ақсия бір күлгені де
Ананың атылды оқ боп жүрегіне.
Көрдің бе табиғаттың қас қылғанын,
Байқамай қалдың ба әкеп тасқа ұрғанын.
Дәл мұндай болатынын кім біліпті
Жерік боп ішіп еді қасқыр қанын.
Сол сәби қашушы еді құшақ көрсе,
Қуанып бір тентектер тұзақты өрсе.
Сұмдық-ай, жылап тұрып жұбанатын
Анасы емшек емес... пышақ берсе.
Өлім, өмір арна іздеп тоғысқанда,
Қай елге салмады, айтшы, соғыс таңба.
Сол сәби қуанғаннан қол соғатын
Көгінен қыран емес ... оқ ұшқанда.
Білмедім қайғы-мұңның өлшемі не?
Аттандық біз жау тисе ел шебіне.
Ойнапты деседі жұрт ине сұғып,
Сол сәби анасының емшегіне.
Оны да кімдер сезіп, кім байқапты,
Кезінде алдына сап мыңды айдапты.
Әйтеуір Гитлерді туған ана
Қорықты ма
Содан қайтып тумай қапты.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇