Өлеңдер ✍️
ҰЛЫМА
Сен менің бұлбұлымсың бағына ұшқан,
Бораннан аман қалған, қарлы қыстан.
Тентегім дүниеге келгенсің сен,
Сан түнгі жүрек жарған сағыныштан.
Көгіңнен айың тусын қияқтанып,
Самғасын көкірегіңнен күй аттанып.
Сол түні жарқ етіп ед найзағай да,
Есігін саған ашқан сияқтанып.
Анаң да сен туған соң тыным тапты,
Ал әкең қуаныштан жымыңдапты,
Сол түні сені жаяу қалмасын деп,
Атаңның боз биесі құлындапты,
Төменге құйылуға тамшы ерікті,
Әкеңнен сен де сырбаз алшы өрлікті.
Кім білсін өссін дей ме шабандоз боп,
Сол атаң саған арнап қамшы өріпті.
Үйренбе сұстылықты түнгі ызғардан,
Арманың биік болсын шың-құздардан.
Кеудеңді нұрға бөлеп шырағыңды
Сонда аспан жаққан жоқ па жұлдыздардан.
Жұлдыз боп тудың ба әлде түнді жарып,
От болсаң жояр ма едің мұңды қарып.
Бір батыр ағаң сыйлап қос ауызын
Тұсына бесігіңнің ілді барып.
Сан жыртқыш өрген дала алабынан...
Мылтығын сыйлағасын дана қыран,-
Көрген жоқ қара шұбар жылан әлі
Өрмелеп бесігіңнің балағынан.
Бар әлі қасқыр тістер сақылдаған,
Мадақтап зұлымдықты, мақұлдаған.
Қос ауыз басып салып тұрғандай бір
Тажалды саған жуық жақындаған.
***
Кезі жоқтай жақсыға елеңдеген,
Бөленбеген құрметке, еленбеген,
Көп қазақты көрсең де,
Ал бесікке
Бір қазақты көрмейсің бөленбеген.
Нұрға ұштаған сүңгісін, мұзға ұштаған,
Бар ма кезі қиялдың құзға ұшпаған.
Жер құшпаған қазақты көп көрсең де,
Бір қазақты көрмейсің қыз құшпаған.
“Ер үстінде өлсем де шатпын” деген,
Ел-жұртымды менің де жат күндеген.
Тақ мінбеген қазақты көп көрсең де,
Бір қазақты көрмейсің ат мінбеген.
Кезі бар ма еліме жат тимеген,
Кезі бар ма құйрығын ат түймеген.
Тәж кимеген қазақты көп көрсең де,
Бір қазақты көрмейсің ақ кимеген.
Мына дала қазаққа ата-мекен,
Олар мәңгі алман деп бата бөтен,-
Көңілінің кіршіксіз пәктігіндей
Өлгесін де аққа оранып жатады екен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇