27.02.2022
  220


Автор: Пернебай Дүйсенбин

КЕРУЕН

 


Бiр күнi кешке тамақтан соң Жарқын ағай барлығымыздың басымызды қосып алып, былай дедi:



  • Ал, балалар, мәселе былай. Ендi екi күннен соң Қаратасқа бiздiң колхоз астық өткiзедi. Соған байланысты адамдар толық жетпей, бiзден де жәрдем сұрап отыр. Соған жарамды, күшi барлау деген төрт-бес бала керек. Ашығын айтуым керек, бiздiң де бiрталай шаршауымызға тура келедi.

  • Сiз де барасыз ба, ағай?

  • Әрине, барамын.


 



  • Бiз ше? – дедi Алтынсары.


Жарқын ағай мырс етiп күлiп қойып:



  • Сендерге өте ауыр болады.

  • Несi ауыр? Арба айдап баруды бiлмейдi дейсiз бе? – дедi Алтынсары.

  • Жоқ, арба айдау емес, қапты түсiрiсiп, түйеге қапты қайтадан арту оңай емес.

  • Неменеге қайтадан артады?

  • Жетпiс шақырым жерге түйе бiр күнде жете алмайды. Араға екi-үш қонып бару керек. Сонда қапты қайтадан түсiрiп, қайта артуға тура келдi. Ол- оңай шаруа емес, Алтынсары. Және қабылдау пунктiнде қапты түсiре салып, кете бермейтiн болу керек.


Ол жол киындығын ендi түсiнгендей:



  • Мен тек арба айдап бара ма десем, – деп күлiмсiрей езу тартты.

  • Ендi соған өз еркiмен кiм-кiмдер барғысы келедi?

  • Мен барамын.

  • Мен де.

  • Ағай, менi алыңызшы.

  • Менi де.


Бiздiң балалар бiрiнен бiрi қалмай, құлшына тiлек бiлдiрiп жатты. Көп сөйлей бермейтiн Ыдырыс та:



  • Ағай, менi тастамаңызшы, – дедi.


Тек тiлек бiлдiрмей, қалыс қалған Жарылқасын ғана. Мен оның бұл қылығына бiр жағынан таңданып, бiр жағынан онша құп көрмей отырдым.


Бiр кезде ол барлығымыздың жүзiмiзге барлай әрi сынай қарады да:



  • Тоқтаңдар! – деп салмақты әрi әмiрлi үнмен қолын көкке көтердi. Барлығымыз оған аузымызды ашып, қарап қалдық. Нән қапты көтерiп салысуға Төлеген жарайды ма? өзi жауап бердi: – Жарамайды, себебi қабырғасы қатпаған. Бақтияр ше? Жарамайды, сықырлаған сирағы сынып кетуi мүмкiн. Алдияр ше? Ол туралы сөз қозғаудың қажетi жоқ. Ең алдымен өз денесiн көтерiп алсын. Аудан болып сұрап алған Ауданбек ше? Жарамайды. Бойы аласа, қанар қаптың астынан сүйегiн таба алмаймыз. Ыдырыс ше? Оныкi құр дүрмекке iлесу.

  • Сонда кiм барады? Мына мен барамын. Балуан бiтiмдi Бектас барады. Жалпақ жауырын Айдан барады. Биiк бойлы Нұртас барады. Кәне, қыздар, осыған қалай қарайсыңдар? – дедi еш күлместен салмақты сөйлеп.

  • Дұрыс!

  • Дұрыс! Айттым ба, айтқаным айдай келедi деп. Әй, айналайындар-ау, сендер Жарылқасынды оңай деп жүрмiсiңдер, – деп ендi үнiн құбылта сөйледi. Жарқын ағай мәз бола, шегi қатып, Жарылқасынды арқасынан жалпақ алақанымен бiр ұрды…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу