Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  156


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

ЗАМАНАМЕН СЫРЛАСУ

Беу, замана,
мен де бір сенің төліңмін,
Білгісі келген
мәнісін мынау өмірдің.
Өзіңе арнап,
замана-дәуір жаздым жыр,
Ақтарып сырын
ақжарма сезім-көңілдің,
Ақ жарқын
сенің аппақ нұрыңа көмілдім.
Беу, замана,
еремін сенің көшіңе,
Кірпішің болып
қалансам дедім төсіңе.
Қалжырап келіп
құлай кетемін кей-кейде,
Демалып жатам
төрімде сосын көсіле,
Сыр айтам сосын
өзіңе-ғана шешіле.
Беу, замана,
басыма менің бақ бердің,
Ғашықпын саған,
өмірді бақыт, шат көрдім.
 Нарқасқалармен
өмірді тартқан белеске,
Достасып жүріп
дәуірді келер өткергім,
Араларыңызға жол салып
тұрған өткелмін.
Беу, замана,
аз емес менің тартқаным,
Өтіпті күндер
мойынға жүгін артқан мың.
Алыс та жұлыс,
арпалыс мынау тірліктің
Ортасындамын,
осы бір рахат тапқаным,
Достықтың оты
маздатып сосын жаққаным.
Беу, замана,
аулақ ет қауіп-қатерден,
Сағынып жетем
жол түсе қалса жат елге.
Өзіңде тудым,
өзіңде қалсам болғаны,
Жантая кетем,
жайлауым, саған жетем де,
Күнімді менің
өткізе көрме бекерге.
Беу, замана,
болу ма мақсат – ұлы есім,
Өзіңнен шықтым,
өзіңе жетем білесің.
 Мен керек болсам,
менікінің бәрі сенікі,
Замана, саған
қосатын менің үлесім,
Өзіме ғана
жарасқан өзім күресім.
Есіме салшы,
үндемей қалдым қай тұста?
Қайра да мені
қайтадан салшы сайысқа.
Қас болатыңмын
көріктен шыққан өзіңдей,
Уақыттың жүгін
көтере білген қайыспай,
Жай ғана өмір
сүргім келеді айтыспай.
Арысаң өзің,
өзіңмен бірге жүдедім,
Өзіңмен бірге жайқалдым,
өстім, үдедім.
Тас қылып мені
жаратпаған да өзіңсің,
Тынымыңды алса
тынымсыз менің жүрегім,
Түтінің түзу
шықсын деп әркез тіледім.
Пенде емеспіз бе,
пендеде болар шалыстық,
Жоқ кездерде де,
жау тауып алып алыстық.
 Жақынды жатқа
жығып беруің оңай ма,
Жылып-еңіреп
артынан сосын табыстық,
Жоғалтып алмай
жылуын жанның қауыштық.
Қапыда кеткен
күндердің артып салмағы,
Көз іліндірмей
атады кейбір таңдарым.
Көрікті қыз да,
көзсіз ерлік те алдамшы,
Керуен кетті,
Артында елес, шаң қалды,
Көздің ұшында
шақырды үміт шамдары.
Беу, замана,
салтанатыңа қанбадым,
Тастап кетпесін
мені де рауан таңдарым.
Мұқағалиша,
түңіліп алыс, жақыннан,
Мұқағалиша
тірі жүруді таңдадым,
От берген өзің,
қалайша лаулап жанбадым?
17.08.2014 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу