Өлеңдер ✍️
ҚАЙРАТ РЫСҚҰЛБЕКОВТЫҢ РУХЫНА
Бауырым қазақ!
Дүбірлетер
іс-ойы ғасырларды,
Кеш танимыз
біз неге асылдарды?
Қудаладық кезінде
төбет қосып,
Кешегі Мұқағали,
Қасымдарды.
Ту көтерер,
ел бастар Ерің қайда?
Саламыз ба
тағы да «Елім-айға»?
Келер ұрпақ
сұраса не айтамыз:
«Бабаларым
мұра еткен жерім қайда»?
Шүкір еттік,
шүкір деп бұға бердік.
Тағдырымның
салғаны шығар дедік.
Тұяқ серпер,
тебісер кезің бар ма?
Бауырыңа
батқанда бұғау келіп.
Қалайша тар
етеміз кеңімізді?
Қарындасты қайтеміз?
Елімізді?
Қызғыштай қорып өткен
Қабанбайлар,
Басқаға
бөлгізбейік жерімізді!
Қозғал, қазақ!
Уақыт жетті
түзетер ошағыңды.
Беліңді бу,
көрсетпе осалыңды.
Рысқұлбеков
секілді қыршын кеткен,
Ерлерді ойлап,
ашынып қосам үнді.
Қайраттың көңілі сәуле,
көзі ашық.
Жиырма бір бұлқынды,
қайран жастық.
Қасқырлар да
қорғаған бөлтірігін,
Қайратыңа
жасадың өзің қастық.
Келесі кім?
Кімдерді табасыңдар?
Кімдердің
басына әлек саласыңдар?
«– Қазағым», – деп, «елім», –
деп еңіреген,
Қай Қайратты
түнекке жабасыңдар?
Ойлан, қазақ,
Таптамасаң,
кызғалдақ солар ма еді?
Арнасына
тасқындар толар ма еді?
Туады тағы Қайрат,
қадірлейік,
Еліңе солар
тұтқа болар енді!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter